Сауран: Өндірістік аймақтардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0

Сауран ауданының кәсіпкерлер санының артуы жыл сайын мемлекеттік қолдаулар мен бағдарламалардың нәтижесінде көбеюде. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысы кәсіпкерлік қызметті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Аудандағы өндірістік аймақтарды дамыту мақсатында жер телімдері бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынған. 2024-2026 жылдар аралығында осы жұмыстар Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шаға және Шорнақ ауылдық округтерінде жүзеге асады.

Шаға ауылдық округінен өндірістік парк үшін берілген 30 гектар жерге, қосымша индустриалды аймақ құру үшін 70 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңға 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды, қалған 29 браунфилд кезең-кезеңімен салынатын болады. Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңына 10 гектар жер учаскесі бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңға 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Бұл бастама бизнес қатысушыларын бір жерге топтастыру және олардың өнімдерін тиімді түрде нарыққа шығару мақсатында қолға алынған.

Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы өндірістік аймақтарға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында оларға барлық бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл қолдау кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлерге өз бизнестерін кеңейту үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын айтты. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде көптеген жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылып, аудан экономикасына жаңа серпін береді деп күтілуде.

Өндірістік аймақтар құру жобасы тек қана кәсіпкерлер үшін емес, сонымен қатар аудан тұрғындары үшін де маңызды. Кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының көбеюі, жаңа өндіріс орындары жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, жұмыс күшінің артуына әкеледі, еңбек нарығында бәсекелестік арта түседі. Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, индустриалды аймақтар кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауданның көркеюі мен дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, тұрақты экономикалық өсуге жол ашады.


ПІКІР ЖАЗУ