ТҮРКІСТАН: арнайы жұмысшы топ балық шаруашылығын дамыту бойынша түсіндіру жұмыстарын бастады

0

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, кәсіпкерлер мен шаруаларға мемлекет тарапынан  бөлінетін жеңілдіктер (субсидия) бойынша түсіндіру жұмыстарын бастады.

Бүгін жұмысшы топ Сауран ауданы мен Кентау қаласына арнайы барып, саламен айналысып жатқан және айналысуға ниетті кәсіпкерлермен кездесті.

Кездесуге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жер қатынастары басқармасы мен жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары, «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, сондай-ақ, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудан, қалалардағы филиал директорлары, «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының аудан, қалалардағы филиал директорлары және «Шардара балық мектеп» ЖШС-нің менеджерлері қатысты.

Кездесу барысында балық шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдауларға қатысты мол ақпарат ұсынылып, түсіндірілді. Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қажетті ақпараттар алды.

Айта кетейік, арнайы құрылған жұмысшы топ өңірге қарасты 17 аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамыту мақсатында кәсіпкерлермен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін анықтап, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктерді алуға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.


ПІКІР ЖАЗУ