Сауран: «Инвестиция көлемін арттыру бағытында жұмысты жандандыру керек»

Сауран ауданы әкімі аппаратының апталық мәжілісі өтіп, жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, маңызды мәселелер көтерілді. Күн тәртібінде үш негізгі тақырып қаралды.
Алдымен, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров сөз алып, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы дайындық жұмыстары мен көктемгі егіс науқанының жоспары туралы мәлімет берді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға бағытталған жұмыстарды және техникалардың әзірлігін атап өтті.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров 2024 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, 2025 жылға арналған жоспарларымен таныстырды. Туризм саласының дамуы, жаңа кәсіпкерлік бастамалар мен инвестициялық жобалар туралы айтылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен туризм саласында жұмыс орындарын құру және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде маңызды ұсыныстар айтылды.
Жиында сондай-ақ, 2025 жылға мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасап, мемлекеттік сатып алулардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін атқарылатын шараларды түсіндірді. Сауран ауданы бойынша қоғамдық-саяси ахуал және төтенше жағдай орын алған кезде аудан, облыс әкімі аппаратын жедел хабардар ету бойынша Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Қалеке баяндады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жоспарларды іске асыру үшін барлық бөлім басшыларына бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.