Сауран: аудан орталығында азық-түлік жәрмеңкесі өтуде

Сауран ауданының ауыл шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен аудан орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жергілікті өнімдерді халыққа қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында азық-түлік жәрмеңкесі өтуде.
Жәрмеңкеге Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Иассы ауылдық округтерінен 10-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Саудаға жылқы, қой, сиыр еттерімен қатар, көкөністер – асқабақ, сәбіз, қырыққабат, пияз, картоп, алма және сүт өнімдері (қаймақ, сары май, ірімшік) шығарылды. Жалпы көлемі 4 тоннадан астам өнім саудаланды.
Сатылған барлық тауарлар аудан тұрғындарына базар бағасынан 15-20 пайыз төмен ұсынылды. Мұндай шаралар жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдау және тұрғындардың азық-түлікке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңке халық арасында үлкен қызығушылық тудырып, аудан тұрғындары үшін тиімді әрі пайдалы сауда алаңына айналды. Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелерді тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.