Сауран ауданында «Көктем-2025» оқу-жаттығу жиыны өтті

0

 Бүгін Сауран ауданы аумағында көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және олармен күресу мақсатында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өткізілді.

 Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Асхат Ержанов, Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бурлибаев, сондай-ақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұхтар Қуанышбаев қатысты.

 Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау жүйесінің ұйымдастырылуын жетілдіру, басқару органдарының дайындығын пысықтау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жұмылдырылатын күштер мен техникалардың іс-қимылын үйлестіру мәселелері қарастырылды.

 2025 жылғы көктем мезгілінде орын алуы мүмкін табиғи апаттардың алдын алу мақсатында шартты төтенше жағдай сценарийлері бойынша оқу-жаттығу жүргізілді. Атап айтқанда, қардың еруі мен қатты жауын-шашын салдарынан су тасқыны қаупі туындаған жағдайдағы іс-қимылдар пысықталды. Сонымен қатар, қатты жауын-шашыннан кейін жердің мұздануы мен тоң болуына байланысты төтенше жағдайларды жою жұмыстары бойынша жедел ден қою жасақтарының дайындығы тексерілді.

 Жиын барысында сала мамандары аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету штабының дайындығына жоғары баға берді. Оқу-жаттығу жиынына 189 қызметкер мен 40 техника жұмылдырылды.

 Бұл оқу-жаттығу азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.


ПІКІР ЖАЗУ