Сайрам: Қайнарбұлақта күрді этномәдени бірлестігі өкілдерімен кездесу өтті

Қайнарбұлақ ауыл округі әкімдігінің мәжіліс залында «Қоғамдық Келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қайнарбұлақ ауылында тығыз шоғырланған күрді этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелерімен кездесу өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, Қайнарбұлақ ауыл округі әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Құралбеков, аудандық күрді этномәдени бірлестігінің көшбасшысы Али Исаев және белсенді мүшелері қатысты.
Базарбай Айтбаев өз сөзінде: — «Наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осынау жылдар ішінде Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік ету құқығы бар конституциялық институтқа айналды. Өзіне жүктелген негізгі миссияны орындап, қоғамда этносаралық тұрақтылық негізін құраушы фактордың бірі екенін дәлелдеді. Әрине, ассамблея – үлкен күш. Қоғамдық келісім мәселесін құндылық ретінде қарастыратын жанның бәрін бір мақсатқа жұмылдырып отырған ұйым. Көпшілікті ортақ іске бастау, ілкімді іс шараларға ұйытқы болуы – негізгі бағытымыздың бірі»деп ойын бөлісті. Және «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына — 30 жыл» негізгі іс-шараларын өткізу бойынша бірлестік мүшелерінің пікірін тыңдап, жоғары дәрежеде өткізуге шақырды.
Али Исаев өз сөзінде: — «Облысымызда 8 мыңнан астам күрд бар. Шымкент қаласында мың адам шамасында болса, басым бөлігі Төлеби, Бәйдібек аудандарында, аз бөлігі Сайрам және Ордабасы аудандарында тұрады. Төрт ауданда да аудандық күрд этномәдени орталықтары ашылған. Ең бастысы, күрдтердің 95%-ы тек қазақша сөйлейді. Ауылды жердегі күрдтер мал және егін шаруашылығымен айналысады. 95 пайызы ірі қара, жылқы бордақыласа, онымен қоса бидай, мақсары да егеді. Күрдтер өздерінің еңбекқорлығы арқасында өз жағдайларын жасап, бақуат ғұмыр кешіп жүр», — деп, мемлекет басшысының жүргізіп жатқан саясатына ризашылығын білдірді.
Жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.