Сайрам ауданында грэпплингтен облыс чемпионаты өтуде

Сайрам ауданында грэпплингтен балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Түркістан облысының ашық кубогі сарапқа салынуда. Айтулы жарыс қатысушылардың салмақ және жас ерекшеліктеріне қарай Халықаралық әуесқой грэпплинг қауымдастығының (AIGA) ережелері мен талаптарына сай өткізілуде.
Спорттық сайысқа Түркістан, Арыс қалалары, Түлкібас, Сайрам, Созақ, Кентау, Келес, Шардара және Қазығұрт аудандарының ең үздік спортшылары қатысуда. Маңызды шараға Түркістан облысы бойынша панкратеон және грэпплинг федерациясының президенті Асқар Айымбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Асқаров, аудан прокурордың орынбасары Жасұлан Егемберді қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Бұл жарыс спортшылар үшін үлкен мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктерге жол ашатыны сөзсіз. Барша қатысушыларға сәттілік тілей отырып, болашақта үлкен чемпиондар болып, еліміздің абыройын асқақтататындарына сенім білдіреміз. Спортшылардың еңбегі мен ерік-жігері тек жеңістерге жеткізсін», — деді Асқар Айымбетов.
Айта кетейік, айтулы спорттық шара Ақсукент ауылындағы «Қайрат» спорт кешенінде өтіп, оған облыс аумағындағы 10 аудан, қалалардан келген 250 қатысушы өз салмақ дәрежелерінде жүлделерді сарапқа салады. Турнирдің басты мақсаты – тұрғындарды салауатты өмір салтына ынталандыру, Қазақстандағы грэпплинг спортын дамыту әрі насихаттау және де алдағы уақыттарда өтетін халықаралық жарыстарға қатысатын Түркістан облысы құрамасының спортшыларды іріктеу болып табылады.