Сайрам: мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электрондық форматта көрсетілген

Мемлекеттік қызмет көрсетудің қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитыны белгілі, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде қызметтерді алу барысында мемлекетпен тығыз байланыста болады. Осы орайда Сайрам ауданында жергілікті атқарушы органдар өткен жылы халыққа мемлекеттік қызметтің 90%-ын электронды түрде көрсеткен. Бұл 25 мыңға жуық қызмет деген сөз. Ал барлық қызмет саны 27 492 болған. Бұл туралы Мемлекеттік қызметтерді алу бойынша ұйымдастырылған «тікелей эфир» барысында айтылды.
– Мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсету мен халық қажеттіліктерін қанағаттандыру, заң шеңберінде тиісті уәкілетті органдар арқылы мәселелерді шешу және жүгінген азаматтарға құқықтық көмек ұсыну мақсатында әкімдіктің әлеуметтік желісінде тікелей эфир өтті. Аталған іс-шараға Сайрам ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет көрсету саласына жауапты дербес бөлім қызметкерлері қатыстырылды. Эфир барысында аудан тұрғындарының мемлекеттен құрылыс және сәулет құжаттарын дайындау, тұрғын үй алу, жер құжаттарын заңдастыру, ауыл шаруашылық техникаларын алу және әлеуметтік көмектерді алу сияқты өзекті сұрақтарына тиісті сала мамандарымен жауаптар берілді, — деді аудандық ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесінің бас инспекторы Абзал Бектасов.
Айта кетейік, 2024 жылы Сайрам ауданында ең көп мемлекеттік қызмет түрі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жер қатынастары және құрылыс, сәулет және қала құрлысы бөлімдері тарапынан көрсетілген. Бүгінде электронды үкіметті дамыту, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылуда.