АРМАН САБИТОВ: ең бастысы – сапа

0

Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймақтарды жаяу аралады. Алдымен аудан басшысы Ақсу ауылындағы Ынтымақ және Мәртөбе алаңдарының құрылысымен танысты. Мұнда аталмыш алаңдарды қайта құру бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады.

Мердігер мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Қазіргі таңда құрылысшылар субұрқақ, аяқжол, жазғы сахналық алаңша, балалар ойын алаңшасы, воркаут алаңшаларының құрылысын жүргізіп, аяқтаған.

– Ең бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беру керек. Мейлі, ол ғимарат құрылысы, жол құрылысы, саябақ құрылысы болсын ең бастысы – сапа. Сондықтан жұмыс барысын күнделікті бақылау қажет. Жобаны мақұлдау сатысынан бастап толық аяқталғанға дейін  жіті қадағалаңыздар, – деді аудан басшысы.

Аралау барысында аудан әкімі тұрғындар үшін қоғамдық орындарда қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін айтты. Ретсіз сауда орындарын, көлік қозғалысын ретке келтіру бойынша аудандық полиция бөлімі мен Ақсукент ауылдық округінің әкіміне тапсырма жүктелді. 

Тиісті сала басшыларымен бірге аудан басшысы Абылайхан көшесіндегі абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Жаяу жүргіншілер жолағының тазалығына сын айтылып, кемшіліктерді тез арада реттеуге тапсырма берілді.  Аралау аясында «Ынтымақ» гүлзарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары да сараланды.


ПІКІР ЖАЗУ