Арыс: қала әкімі кәсіпкерлермен кездесті

0

Бүгін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен жергілікті кәсіпкерлермен мазмұнды кездесу өткізді. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту, бизнес ахуалды жақсарту, азық-түлік, жанар-жағармай және сұйытылған газ бағалары сынды маңызды мәселелер талқыланды.

Қала басшысы шағын және орта бизнестің ел экономикасының тірегі екенін атап өтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Әкім өз сөзінде облыстық маңызы бар тасжол бойлары мен белгіленбеген орындарды ластайтын құқықбұзушылармен күрес күшейтілетінін жеткізді. Ол үшін биылғы жылы қала бойынша 300-ге жуық бейнебақылау камералары орнатылады. Осылай деген шаһар басшысы бірқатар кәсіпкерлерге ескерту айтты.

«Баршаңызды қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Әрбір кәсіпкерлік нысан иелері өзінің іргелес аумағына тазалық жұмыстарын жүргізгені жөн. Бүгінді таңда қала ішінде 300-ге жуық кәсіпкерлік нысан бар, алайда олардың тек 44-і ғана қатты қалдықтарды шығаруға жауапты мекемелермен келісімшарт жасаған. Алдағы уақытта айналасын бей-берекет қоқысқа толтырып, қала тазалығына немқұрайлы қарайтын азаматтарға шара көрілетін болады. Сондықтан, ортақ қаламыздың тазалығына жауапты болуға шақырамын», – деді Қайсар Зәкірұлы.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өзекті сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Қала әкімдігі кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретінін жеткізді.


ПІКІР ЖАЗУ