ТҮРКІСТАН: Сайрамда батагөй қариялардың байқауы өтті

0

Сайрам ауданында ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеп, жаңғырту және кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Батамен ел көгерер» атты аудандық  батагөйлер байқауы  өтті.

Бауқаудың ашылу салтанатына Түркістан облысы бойынша «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әжіметов, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Алипов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараны Сайрам аудандық ардагерлер кеңесі мен «Ауыл» партиясы ұйымдастырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырған байқауға аудан аумағындағы ауылдық округтерінен келген 9 үміткер бақ сынасты. Батагөйлер бірінші кезеңде ел есіндегі баталар мен тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіре орындаса, екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлердің біреуіне өзінің батасын беріп сайысқа түсті.

Байқауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан ақсақал бастаған қазылар алқасының құрамы қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен Құтарыс ауылынан келген Ақайдар Шаманов І орын алса, Арыс ауылынан келген қария Әбдінәби Абдуллов ІІ орын, Ақсукент ауылдық округінің ардагері Махамбет Аппазов ақсақал ІІІ орынға лайықты деп танылды.

Қазақы дәстүрмен барлық жүлдегерлердің иығына шапан жабылып, қатысушыларға естелік кәдесыйлықтар табыс етілді.


ПІКІР ЖАЗУ