Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың даму бағыттары талқыланды

Астана қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Өкілетті Кеңесінің 78-мәжілісі өтіп, өзекті мәселелер қаралып, маңызды шешімдер қабылданды.
Жиынға Өкілетті Кеңес Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов, Түркия тарапынан Өкілетті Кеңес мүшесі Ибрахим Калын, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, танымал ғалым және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі, Түркия тарапынан Мәдениет және туризм вице-министрі Сердар Чам, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қазақстанның Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры Жанар Алдасугурова және университет ректоры Жанар Темірбекова қатысты.
Мәжіліс барысында Өкілетті Кеңес Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек алғы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан әрі күн тәртібінде университеттің дамуы мен стратегиялық бағыттарына қатысты маңызды мәселелер қарастырылды. Атап айтар болсақ, ректорат тарапынан атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, 2025 жылдың бюджеті талқыланды.
2025-2026 оқу жылы Түркия Республикасынан, Түркі тілдес республикалар мен туыстас қауымдастықтардан және басқа мемлекеттерден қабылданатын студенттер контингентін, ТүрТЕП бағдарламаларына қабылданатын студент контингентін белгілеу туралы ұсыныстар зерделенді. 2025-2026 оқу жылына шәкіртақы негізінде магистратура, докторантура және кәсіби біліктілікті арттыру мен тәжірибе алмасуға жіберілетін үміткерлердің санын және Ясауи атындағы докторантура бағдарламасының шәкіртақы контингенті мен мамандықтарын анықтау мәселесі қарастырылды. Университет құрамында «Заң» факультеті мен «Өнер, медиа және дизайн» факультетін ашу туралы шешім қабылданды. Дайындық орталығында «Жалпы пәндер» бөлімін құру ұсынысы қарастырылды.
Күн тәртібінде, сондай-ақ, университеттің стратегиялық бағыттарын қамтитын басқа мәселелер де қарастырылды.
Өкілетті Кеңес мәжілісіне қатысушылар отырыс қорытындысында жиынның нәтижелі өткенін тілге тиек етіп, қабылданған шешімдердің жемісті болатынына сенім білдірді.