ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданының оқушылары республикалық олимпиадада жүлделі орынға ие болды

0

Түркістан облысының аудан, қалаларында білім сапасын көтеру бағытында тиісті жұмыстар жүруде. Осы орайда, Түлкібас ауданындағы мектеп оқушылары республикалық олимпиадаларда топ жарып, жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтсақ, 2024-2025 оқу жылында 9-11 сынып оқушылары арасындағы Ауыл олимпиадасының облыстық кезеңіне ауданнан 137 оқушы қатысып, оның 81-і жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңге 18 оқушы жолдама алып, нәтижесінде 12 оқушы жүлдегер атанды. Ауыл олимпиадасының қорытындысы бойынша республикада  Түлкібастағы М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының 5 оқушысы жүлделі орынға ие болып, жылдың «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясын жеңіп алды.

Сонымен қатар жалпы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша ауданнан 20 оқушының жұмысы үздік деп табылып, республикалық кезеңге 5 оқушы жолдама алып отыр.

Ғылыми жоба жұмыстары бойынша да  оқушылардың жетістігі жетерлік. Зерттеушілер ғылыми жобалары конкурсының облыстық кезеңіне 18 оқушы жолдама алып, оның 9-ы жүлделі орындарға ие болды. Ал 2 мен 7 сынып оқушыларының «Зерде» зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары бойынша облыстық байқауға аудандағы мектептерден 12 бағыт бойынша жалпы 92 жұмыс ұсынылып, оның ішінен 15 жұмыс облыстық байқаудың сараптамалық кезеңіне жіберілген болатын. Нәтижесінде. 10 оқушының жұмыстары жүлделі орындарға ие болды. Республикаға 3 оқушы жолдама алды.


ПІКІР ЖАЗУ