Атырау облысында ана мен сәби өлімі азайған

Атырау облысында 2024 жылы ана өлімі 45 % төмендеді. Ал сәби өлімі 2023 жылмен салыстырғанда 14 % азайған. Туберкулез бен қатерлі ісіктен болатын жағымсыз жағдайлар саны да әлдеқайда төмендеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылы медициналық саниатриялық алғашқы көмек ұйымдарында халық арасында профилактикалық қарап-тексеру және скринингпен қамтылу деңгейі өскен. Қан айналымы жүйесінің аурулары, қант диабеті, глаукома, сүт безінің, жатыр мойнының, тоқ ішектің және тік ішектің қатерлі ісігі мен ісікке дейінгі жағдайларын дер кезінде анықтау үшін жұмыс күшейген. Облыстың барлық аудандарында 7 жылжымалы медициналық кешен жұмыс атқаруда. Бұл арқылы былтыр 64 шалғай елді мекендегі 45 000 тұрғынға көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, Атырау облысындағы шалғай аудандардағы науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін медициналық авиациямен тасымалдау жоғарылады.
Айтылған бұл жұмыстар ауруды ерте кезеңінде анықтауға, науқастарды уақытында диспансерлік есепке алуға, тиімді емдеуге, асқынған жағдайлармен өлім-жітімді азайтуға және халықтың жалпы денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, келесі көрсеткіштерде динамика оң байқалады. Туберкулезден болатын өлім 2,1%,ал сырқаттанушылық 14%төмендеді. Қатерлі ісіктен болатын өлім 12%төмендеді. Ана өлімі 2023 жылмен салыстырғанда 45%-ғатөмендеді. Сәби өлімі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеді,-дейді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары
Алмагүл Әбілова.
Жауаптылар алдын алу үшін акушерлік және гинекология, анестезиология-реаниматология, неонатология, сәулелік диагностика, инфекциялық бақылау бағыттары бойынша мамандарды үздіксіз оқыту жүргізілетінін айтады. Кадр тапшылығы мәселесі де ерекше бақылауда көрінеді. 2024 жылдың қорытындына бойынша өңірде 1686 дәрігер (2023 жылы 1575 дәрігер) және 5312 орта медицина қызметкері(2023 жылы 5261 орта медицина қызметкері) жұмыс істейді.
2023 жылғы 5 мамырда «Атырау облысына медицина қызметкерлерін тарту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, облыстық мәслихат шешімімен түлектерге арнайы гранттар бөлінген. Соның арқасында медицина кадрларына деген тапшылық 37%-ға қысқарыпты.
Атырау облысына медициналық кадрларды тарту мақсатында 159 дәрігерге жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді. Бұл мақсатқа өткен жылдың соңында облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Әлеуметтік қолдау аясында ауылдық елді мекендерге келген 9 маманға 10 млн теңге, аудан орталықтарындағы медициналық ұйымдарға орналасқан 32 маманға 8,5 млн теңге, Атырау қаласына жұмысқа келген 118 дәрігерге 5 млн теңге көлемінде төлем жасалды. Көтерме жәрдемақы алған мамандардың қатарында хирург, педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері, офтальмолог, онколог, анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, радиолог, кардиолог, психиатр және неонатолог бар,- дейді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары А. Әбілова.
Бүгінде Атырау облысында 107 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін ауылдық жерлерге медицина мамандарын тарту бойынша арнайы әлеуметтік төлемдер пакеті әзірленді. Жас мамандар ауылдық елді мекендерге жұмысқа орналасқан жағдайда қызметтік пәтермен қамтылады, төмен пайызбен үй сатып алу мүмкіндігі беріледі, жалақысына қосымша үстемеақы қосылады. Мемлекеттік қолдау шаралары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сай жүргізіледі. Бұл шаралар өңірге білікті медицина мамандарын тартуға және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, Атырау облысы медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 29 тақырып бекітіліп, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы келісім шарт жасақталып, жалпы 432 маман тізімі жасақталды. Қазіргі уақытта, Президент іс басқармасы медициналық орталығынан негізгі жұмыс онына мамандарды шақырта отырып 371 маман, ал орталық базасына барып 61 маман біліктілігін арттыруда.
Аймақта медициналық нысандардың жағдайын жақсартып, заманауи үлгідегі жаңа ғимараттарды салу да қолға алынған. 2023 жылы қала мен аудандарда 10 медициналық нысан пайдалануға беріліпті. 2024 жылы облыс бойынша 17 нысан іске асырылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба шеңберінде – 15 нысан жоспарланып, 10 нысан аяқталды.
Биылға Атырауда «Нұрсая» және «Өркен» шағын аудандарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын 2 емхана, Атырау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясы 3 подстанциясымен, Атырау облыстық онкологиялық диспансері жанындағы радиологиялық корпус құрылыстары жүруде. Сонымен қатар, Атырау қаласы Алмалы ауылдық округіне қарасты Алмалы селосынан және Береке ауылынан бір аусымды 25 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталуда, — дейді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Жанұзақов.
Одан өзге, Атырау қаласында салынады делінген 180 орынға арналған облыстық онкологиялық диспансер мен психикалық денсаулық орталығының жобалық сметалық құжаты жасақталып жатыр.
2027 жылға дейін облыс бойынша бірнеше дәрігерлік амбулатория мен емхана, жаңа облыстық перинаталдық орталығы, жаңа көпбейінді балалар ауруханасы, Атырау қаласынан 200 орындық ересектер және балаларға арналған оңалту орталығын, вакцина және шағын материалдар сақтайтын қойма салып, онымен қатар, №1 қалалық емханаға жаңа ғимарат, №3 қалалық емханаға қосымша ғимарат құрылыстарын жүргізу жоспарда тұр.
Облыстағы денсаулық сақтау басқармасының мамандары халықтан түсетін шағыммен жұмыс істеуді де жолға қойған. Ол үшін тәулік бойы қоңырау қабылдайтын Колл-орталық қызмет іске қосылыпты. Тұрғындар арызын 1309 нөмірі бойынша жеткізе алады.