Сүрініп кеткен тағдырлар: Әйелдер амнистиясы керек пе?

Биыл Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев түрмеде отырған әйелдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасаған болатын. Елдегі әйелдер мекемесінің халі нешік? Амнистия керек пе? Осы және өзге сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.
Сотталған әйелдер кімдер?
Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) ұйымының есебі бойынша Қазақстанда сотталған әйелдердің жас ерекшелігіне тоқталсақ, 30 жасқа дейінгілердің үлесі 20%-ды құрайды. Небәрі 3%-ы 18-ден 21 жасқа дейінгілер екені белгілі болды. Ал 30 бен 50 жастағы әйелдердің үлесі – 59%. Сотталушылардың арасында 50 жастан асқандар шамамен бестен бірді көрсетті.
Істі болған әйелдердің басым көпшілігі тұрмыста емес немесе ажырасқан. 70%-ы – жесір қалған. Әйелдердің үштен бірі өздерін «тұрмыста емеспін» деп санайды. Бестен бірі ғана заңды некеде.
Жазасын өтеушілердің көп бөлігінің (73%) орташа табысы болған. Ал 13%-ы орташадан жоғары табысқа ие едік деп отыр. Әйелдердің 73%-ы қамауға алынған сәтте табыстары болса, 17%-ы жеке кәсіппен айналысқан.
Елдегі қамаудағы әйелдердің үштен бір бөлігі алаяқтықпен байланысты қылмыс үшін сотталған. Олар басқа қылмыс түрлері бойынша сотталғандармен салыстырғанда табыстарының жоғары екендігін көрсеткен. Алаяқтық немесе алдаумен байланысты қылмыстық жазасын өтеушілердің 62%-ы орта мектепті бітірсе, 11%-ның бакалавр дәрежесі бар.
Темір торға тоғытылғандардың 12%-ы адам өлтіргені немесе отбасындағы ер адамды байқаусызда өлтіріп алғаны үшін, 9%-ы өзге тұрғаны өлтіргені немесе абайсызда өлтіргені үшін үкім арқалаған.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстанда қазір әйел сотталушылар алты колонияда жазаларын өтеп жатыр. Түзету мекемелері Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Шымкентте орналасқан.
Елдегі жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы – ИЧ-167/4 мекемесі Шымкент қаласынан салынған. Ол жерде 200-дей әйел темір торға қамалған.
Статистика не дейді?
Ішкі істер министрлігінің жыл басында таратқан мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 7 мыңға жуық әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеуде.
Оның ішінде, 3 мың әйел бас бостандығынан айыру орындарында қоғамнан оқшауланса, 4 мыңға жуығы пробациялық бақылауға алынған.
2025 жылғы ақпан айындағы статистикасына сүйенсек, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, ауыр және орташа ауыр дәрежедегі қылмыс жасағаны үшін 1220 әйел босатылды. Олардың ішінде, 157 әйел бас бостандығынан айыру мекемесінде, ал 1064-і – пробациялық бақылауда болғаны айтылды. Одан бөлек, зорлық-зомбылықпен байланысты емес қылмыс жасағаны үшін 2002 әйел сотталған. Олардың 1766-сы – бірінші рет істі болса, 150-і – ұсақ және орташа ауырлықтағы қылмыстарды жасаған.
Амнистия керек пе?
Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 5 мыңнан астам әйелдің (атап айтқанда, 2535 әйел – жазасын өтеп жатқан мекемеде, 2520 әйел – пробациялық бақылауда) жазасы жеңілдеуі мүмкіндігі айтылды.
Ауыр қылмыс жасағандарға амнистия жариялау туралы мәселені қарау кезінде сотталғандардың әлеуметтік жағдайын қосымша ескеру қажеттігі ұсынылып отыр.
Мәселен:
- 29 әйелдің мүгедектігі бар (І топ – 3, ІІ топ – 3, ІІІ топтағы – 15 әйел);
- 60 жастан асқан әйелдердің саны 243 (олардың ішінде 152 – бас бостандығынан айырылған, 91 – пробациялық бақылауда),
- 13 сотталушы – жүкті әйелдер.
- 58 әйелдің 3 жасқа толмаған баласы бар,
- 226 әйел – көпбалалы ана.
Өтелмеген соттылығы бар әйелдер үшін жазаны жұмсарту немесе оны барынша жұмсақ жазаға ауыстыру мүмкін. Ондай әйелдердің саны 4 мыңға жуық, — деп атап өтті ведомстводан.
Бұған дейін де сотталған әйелдердің кейбір санатына амнистия жариялау туралы ұсыныстар жасалған. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден зорлық-зомбылық жасаумен байланысты емес қылмыстармен сотталған әйелдерді, көпбалалы және жүкті әйелдерді, жазасының жарты мерзімін өтеген кішкентай баласы бар әйелдерді, сондай-ақ 60 жастан асқан әйелдерді босатуды сұрап, депутаттық сауал жолдады.
Айтуынша, жоғарыда аталған санаттағы сотталған әйелдерге рақымшылық жасау әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасылық құндылықтың нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болғандардың дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бостандыққа шыққан әйелдер бала тәрбиесіне көп көңіл бөле алады.
Әйелдер амнистиясы: Министрлік қолдап отыр
ІІМ Қазақстан Конституциясына сәйкес, барлық азаматтың заң алдындағы құқығы тең. Оның үстіне, бостандыққа шығу туралы шешім қабылдар кезде зардап шеккендердің құқығының қорғалуы да ескерілуге тиіс. Ведомство сондай-ақ зардап шеккендердің наразы болуы мен рақымшылыққа ілінгендердің арасында рецидивтің болу ықтималдылығын да атап өтті.
Ешкім жынысына қарай қандай да бір кемсітушілікке ұшырай алмайды. Осы орайда әлеуметтік осал топтар санатына (І және ІІ топтағы мүгедектер, соғыс ардагерлері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар) жататын ер адамдардың саны 920 адамды құрайды, — дейді Ішкі істер министрлігі.
Рақымшылық: Күніне 5,8 млн теңге үнем
Егер Үкімет шешім қабылдаса, амнистия ерлерге де қатысты жасалуы әбден мүмкін. Екі мыңнан астам сотталғандарды босату ел қазынасын күніне 5,8 млн теңгеге үнемделеді екен.
Екі мыңнан астам сотталғандарды босату ел бюджетін күніне 5,8 млн теңгеге дейін үнемдеуге әкеледі. Түсінікті болу үшін айтсақ, күніне бір сотталған адамға кететін шығын – 2900 теңге, сәйкесінше, жылына 2,1 млрд теңге, — деп есептейді ІІМ.
Бүгінде еліміз бойынша қамауда отырған 2336 әйел адамның жартысы – аналар, оның ішінде 250-і – көпбалалылар қатарында. Бір өкініштісі, 1500-ден астам бала ананың қамқорлығынсыз қалып отыр. 100-ге жуық сәби балалар үйінде тәрбиеленуге мәжбүр.
Тағдыр тауқыметіне арқалап, отбасы ойран болған, ана жылуынан айырылған сәбилер қайта бақыт құшағына бөленуі керек. Рақымшылықты қолдану үшін зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ, жүкті және кішкентай баласы бар, көпбалалы, алғаш сотталған, жасы 60-тан асқан әйелдер сынды бірқатар санатты қарастырған жөн. Осы қатардағы әйел адамдарға рақымшылық жасалса, балалар үйлеріне жүктеме төмендеп, әлеуметтік шиеленіс азаяды, — дейді депутат Қарақат Әбден.
Президент Ұлттық құрылтайда әйелдер колониясындағы ахуалды сөз етіп, әсіресе жүкті әйелдер мен кішкентай сәбилері бар әйелдердің жағдайын ескеруді ұсынды.
Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек, — деді Тоқаев.
Егер әйелдерге рақымшылық жасау туралы шешім қабылданса, 1220-ға дейінгі сотталушы босап шығуы мүмкін.