2025 жылдан бастап әйелдер жүктілікке МӘМС аясында дайындалады

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ең бастысы әйелдердің жүктілікке дайындалу мәселесі. Осы уақытқа дейін 30 пайыздан аспай тұр. Яғни ана болу үлкен жауапкершілік екенін қыздарымыз да, ер азаматтарымыз да түсіну керек, – деді министр.
Ол осы орайда 2025 жылдан жүктілікті жоспарлау МӘМС аясында жүзеге асатынын жеткізді.
Біз былтыр тиісті қаражатты, қажетті нормативтік-құқықтық актілерді анықтадық. 2025 жылдың басынан жүктілікке дайындау, тиісті анализдер өту арқылы әр әйел өзінің денсаулығын, қаншалықты дайын екенін, содан кейін оны емдеу мәселесін МӘМС жүйесінің аясында атқаратын болады, – деді Ақмарал Әлназарова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюге соңғы деректер Қазақстанда ана денсаулығы мен жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейінің айтарлықтай жақсарғанын көрсететінін айтты.
Түркі мемлекеттері ұйымы Денсаулық сақтау министрлерінің бесінші кездесуі Дүниежүзілік денсаулық күнімен қатар келіп тұр. Биылғы Дүниежүзілік денсаулық күні тақырыбы – ана мен бала денсаулығы. Қазақстан ана өлімі мен бала өлімін азайтуда үлкен жетістікке жетті. Бұл бағытта Қазақстан көшбасшы елдердің бірі, – деді ол.
Денсаулық сақтау министрі бұл туралы Астананың Ботаникалық саябағында өткен Дүниежүзілік денсаулық күніне және Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің Денсаулық сақтау министрлерінің V кездесуіне арналған «Walk the Talk» жаппай жарысында айтты.
Айта кетейік, жыл сайын 7 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау күнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылды Аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау жылы деп жариялады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, санитарлық авиацияның жаңа ұшағы Кореяға ұшып шықты.