Жетісудың туризм саласы қай деңгейде?

0

 Жалпы жер жаннаты атанған байтақ өлкенің бір ерекшелігі – тұмса табиғаты. Бүгінде соны өңір экономикасының игілігіне пайдалану күн тәртібінде тұр, деп хабарлайды хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұрқанбұлаққа барар жол қашан бітеді?

Туризм саласының бір тұтқасы – Алакөл мен Балқаш көлі деп саналғандықтан оған апарар жол бүгінде тегіс жасалды. Бітпеген жерлері көп ұзамай халық игелігіне беріледі. Бұл былтыр шипалы көлге барған туристердің санын артуына негізгі фактор болғаны жасырын емес. Алайда жақұтты мекен Жетісу жерінің тағы бір таңғажайып жері, ол – Бұрқанбұлақ сарқырамасы. 

Әлемдегі ең ғажап сарқырамалардың бірі саналатын ғажайып мекенге екінін бірі бара алмайды. Сондықтан оған апарар жолды толықтай жасау күн тәртібінде тұр. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде 152 шақырым автожол мен 53 ауылдың ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Атқарылатын шаралардың ішінде 5 көпірді толықтай қайта салу, бір көпірге орташа жөндеу жүргізу, сондай-ақ Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 15 шақырым жолды жаңарту жоспары тұр.

Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай бағыты бойынша 35-110 км аралығындағы жол бөлігін жаңғырту секілді ірі жобалар бар. Бұдан бөлек, елді мекендерге кіреберіс жолдар мен ауылішілік көшелерді де қамтитын жұмыстар қолға алынбақ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап 2023-2024 жылдары аралығында облыстық деңгейдегі 391,4 шақырым жол мен 134 ауыл ішіндегі жолдар жөнделіп үлгерген. Мысалға, 2024 жылы маңызды жобалар ретінде «Талдықорған-Үшарал» (313 км), «Лепсі-Балқаш көлі» (27 км), «Сарыөзек-Көктал» (45-68 км, Алтынемел асуы), «Жаркент-Қорғас» (328-360 км) және «Үштөбе-Көпбірлік» (78 км) бағытындағы жолдар жаңартылып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде, облыстық деңгейдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94 пайызға дейін артқан, дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Оның айтуынша, биылғы жоспар бойынша, 152 км жол мен 53 елді мекеннің ішкі жолдары жөндеуден өтеді. Күрделі жөндеу аясында «Сарыөзек – Көктал» бағытындағы Көнбе өзенінен өтетін жаңа көпірдің құрылысы, «Сарыөзек станциясын айналып өтетін» жолдың құрылымын нығайту және «Қонаев – Талдықорған» тасжолының Мұқыры асуы арқылы өтетін 21 шақырымдық бөлігін қайта жабдықтау жоспарланған. 

Сонымен қатар, өткен жылдан жалғасқан жобалар ретінде «Алматы облысы шекарасы – Сарыөзек кенті» (13 км), «Сарыөзек – Көктал» (112 км) және «Айдарлы – Көктал» (15 км) бағыттарында орташа жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Бұл жолдардың бәрі туризм саласының дамуына негіз болатын бағыттар. Мұны белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау да айтқан еді.

Жетісу әйгілі Бұрқанбұлақ сарқырамасы әлемдегі теңдесі жоқ табиғаттың сыйы. Оны жыл он екі ай туризмнің ошағына айналдыруға болады. Ол үшін оған апаратын жолды заман талабына сай жасау қажет. Оны кәсіпкер жасай алмайды, оған мемлекет мүдделі болуы керек. Мемлекет инфрақұрылымын толықтай жасап берсе, ары қарай дамытуды кәсіпкерлер қолға алатын еді, — дейді Сырымбек Тау.

Жалпы алғанда, Жетісу облысының жол желісі 3 988 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық деңгейдегі жолдар – 1 034 км, ал жергілікті маңыздағы жолдар – 2 954 км-ді құрайды.

Туризм басқармасы ашыла ма?

Ұлы Даламыздың көз тартарлық табиғаты мен терең тарихи тамырларына бай өлкелерінің бірі – Жер жаннаты Жетісу өңірі екені елге ежелден аян. Бұл аймақ өзіне ғана тән табиғи келбетімен, шежірелі ескерткіштерімен, рухани һәм мәдени мұраларымен ерекшеленеді. Алатаудың бөктерінен бастау алатын бұл өңірде биік шыңдар мен тұңғиық көлдер, қалың орман-тоғайлар мен шөлді далалар, шексіз өзендер мен ерекше құмды төбелер үндестік тапқан. 

Мұндай табиғи әлеует туризмнің сан алуан бағытын дамытуға таптырмас мүмкіндік. Дегенмен, дәл осы бай мұра мен табиғаттың ортасында туризм саласы ойдағыдай дамымай, ілгерілеу жолында тосқауылдарға тап болуда. Негізгі себептердің бірі – туризмді басқару мен үйлестірудің нақты және дербес құрылымының болмауы.

Жетісу облысы құрылған алғашқы кезеңдерде туризм мәселесіне қатысты жұмыстарды үйлестіру мақсатында Талдықорған қаласында арнайы басқарма құрылған болатын. Алайда бұл басқарма көп ұзамай белгісіз себептермен таратылып, оның орнына облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қарасты шағын ғана бөлімше – «Vizit Жетісу» туристік ақпараттық орталығы құрылды. 

Бұрынғы бірнеше бөлім мен ондаған маманнан тұратын үлкен басқарманың орнын енді бар-жоғы екі-ақ қызметкер атқарып отыр. Мұндай штаттық қысқарту аясында облыс көлемінде туризмге қатысты барлық жоспарлау, ұйымдастыру, жарнамалау, мониторинг жүргізу секілді маңызды жұмыстарды толыққанды атқару – өте қиын, тіпті мүмкін емес.

Аталған орталықтың мамандары күнделікті қағазбастылықтан аса алмай, стратегиялық дамуға бағытталған кешенді бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге үлгермейді. Саланың болашағы мен даму бағытын айқындайтын құжаттар мен бастамалар тоқырауға ұшырайды. Мұндай жағдайда туризм саласын өркендету жайында сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бұл пікірмен аталмыш басқармаға бағынышты бөлімнің өкілдері де, сырттағы мамандар да келіседі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақов туризм саласының ілгерлеуі үшін қолдан келген амалдың бәрін мүмкіндігінше жасап жатыр. Оның айтуынша, сала тек дербес басқарма ретінде жұмыс істеген жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жеткізу жеңілірек болады. Қазіргі құрылыммен, яғни туризмнің кәсіпкерлік сынды ауқымды бағыттың көлеңкесінде қалуымен, бұл сала екінші кезектегі мәселе ретінде қаралып келеді.

Туризм саласы шетелдік туристер үшін үлкен қызығушылық тудыратын бағыт. Олардың көпшілігі Жетісу өңіріне ерекше табиғатты көру, қазақ халқының байырғы салт-дәстүрімен танысу, тарихи және аңызға толы мекендерді аралау мақсатында келеді. Бірақ бұл әлеует туристік өнімге айналдырылмаса, ол жай ғана мүмкіндікте қалып қояды. Ол үшін өңірдегі барлық нысандар біріздендіріліп, толыққанды турпакеттер әзірленуі керек. Осы жұмысты үйлестіретін, шын мәнінде ықпалды құрылым қажет. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр, — дейді Д.Ысқақов.

Бүгінде Жетісу өңірінде туризмді дамыту, оны кеңінен насихаттау, халыққа жан-жақты ақпарат беру ісімен айналысып отырған жалғыз ғана мекеме бар. Ол – «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы. Алайда, аты дардай болғанымен, бұл орталықтың нақты мүмкіндіктері мен әлеуеті шектеулі, қызмет ауқымы да тым тар болып отыр. 

Себебі, мұндағы еңбек жағдайы мен кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған негізгі тетік – жалақы мөлшері, қазіргі таңда көңіл көншітпейтін деңгейде қалып қойған. Атап айтқанда, бұл мекемеде жұмыс істеп жүрген мамандардың ай сайын қолына алатын еңбекақысы жүз мың теңге көлемінде ғана. 

Ал осы орталықтың тікелей басшылығында отырған Жандос Нұриевтің өзі де айлық жалақысы салыстырмалы түрде өте аз. Бұл айлыққа құлшынып жұмыс істеу тек саяхатқа жанкүйер жанның қолынан ғана келмек. Мұндай мардымсыз қаржымен заман талабына сай ойлайтын, кәсіби деңгейі жоғары, білікті әрі тәжірибелі мамандарды бұл салаға тарту – мүмкін емеске жақын.

Соның салдарынан орталық тұрақты кадрмен қамтамасыз етілмей отыр. Мұнда негізінен студенттік тәжірибеден өтіп жүрген немесе жаңа ғана еңбек жолын бастаған жастар ғана қызмет атқарады. Олар да бұл жерде ұзақ тұрақтамайды. Біршама уақыт жұмыс істеп, алғашқы тәжірибе жинаған соң, жоғары жалақы мен тұрақты жағдай іздеп, басқа орындарға ауысып кетіп жатады. Осылайша кадрлардың жиі ауысуы – орталықтың жұмыс тиімділігіне кері әсерін тигізіп, қызмет сапасының төмендеуіне, басталған істің аяқсыз қалуына себеп болып отыр. Егер бұлай жалғаса берсе, туризмнің іргесін бекітіп, өңірдің әлеуетін таныту былай тұрсын, қолда бар мүмкіндіктердің өзін жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан бұл салада жұмыс істейтін мамандардың еңбегі лайықты бағаланып, олардың кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасалмаса, туризм дамуы туралы айтуға болмайды, — дейді Ж.Нұриев.

Оның айтуынша, орталық тек ақпараттық қызметпен шектелетін құрылым болғандықтан, стратегиялық шешім қабылдауға құзырлы емес. Ол министрлікпен тікелей жұмыс жүргізе алмайды, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға пәрмен бере алмайды. 

Мысалы Алакөлге турист тарту үшін жол, электр энергиясы, санитарлық жағдай секілді инфрақұрылымдық мәселелерді шешу керек болса, бұл орталықтың қолынан келмейді. Себебі ол тек көмекші орган ретінде қарастырылады. Ал нақты өзгеріс енгізе алатын құрылым – тек толыққанды басқарма болуы тиіс.

Сапалы маман сапалы қызмет етеді

Қай сала болсын, алдымен сапалы маманға зәру. Бұл тек облыстың проблемасы ғаан емес, мемлекеттің осыал тұсы. Қараңыз, саладағы басты мәселе – тек құрылымдық емес, сонымен қатар кадрлық дағдарыс. Жоғары білімді, тәжірибелі мамандар мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге келіспейді. Орталық басшысының айтуынша, бүгінде осы салада шынайы жанашыр азаматтар ғана жұмыс істеп жүр. Бірақ оларға да мотивация қажет. Тұрақты жұмыс орны, лайықты еңбекақы, өсу мүмкіндігі болмайынша, мамандар да ұзақ тұрақтамайды. Бұл мәселе саладағы кез келген реформаның түп-тамырына айналып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жасаған сапарында өңірдің туризм бағытында зор әлеуетке ие екенін атап көрсеткен болатын. Президент өз сөзінде «бұл сала ел экономикасының қозғаушы күшіне айналуы тиіс» деген еді. Сондықтан облыс туризмді стратегиялық бағыт ретінде қарастырып, туристік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытуды қолға алуы қажет.

Мәселен, биылдың өзінде Алтын-Емел ұлттық табиғи паркіне 23 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 7 мыңнан астамы – шет елдік азаматтар. Бұл көрсеткіш өңірдің сұранысқа ие екенін аңғартады. Дегенмен осындай нәтижелерге сүйеніп, тек табиғаттың арқасына жүгіну – дұрыс емес. Бұл көрсеткішті еселеп арттыру үшін арнайы стратегия қажет. Ол үшін туризмді дербес басқарма ретінде қайта құрып, қаржылай және кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету қажет.

Ал жаз шықса, спортпен шұғылданатын азаматтар мен табиғат әуесқойлары Рудничный ауылындағы мөлдір өзенге ағылып келеді. Өйткені дәл осы жерде халықаралық деңгейдегі рафтинг шеберлері жаттығып, ел намысын қорғайды. Алайда қазір осы өзеннің бойында су электр станциясының құрылысы басталып кеткен. Бұл жағдай қоғам белсенділері мен табиғат жанашырларын бей-жай қалдырмады. Олар Көксу өзенінің экожүйесіне зор зиян келетінін алға тартса, кәсіби спортшылар «егер бұл құрылыс жалғасса, су спорты тұншығып, туризмнің тынысы тарылады» деп дабыл қағуда.

Бұған дейін Көксудың дәл осы аумағында халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіліп, шетелдік спортшылар өзеннің ағысына, табиғатына тәнті болып қайтқан. Кәсіпқойлар жылына кем дегенде жеті ай осы маңда жаттығып, республикалық әрі әлемдік сайыстарға тыңғылықты дайындалады. Бұл өзен тек рафтингке емес, слалом ескек есушілерге де қолайлы. 

Мәселен, Олимпиадада ел тарихында алғаш рет финалға өткен спортшы Александр Куликов дәл осы жерде жаттыққан. Енді сол арманға толы ағыс тоқтап қалуы мүмкін. Табиғат жанашырлары дабыл қағып, туризмді дамыту арқылы-ақ тұрақты табысқа кенелуге болатынын айтып отыр. Бірақ қазіргі таңда қаржы мен пайдаға басымдық берілген. Ал археологтар бұл аумақта әлі толық зерттелмеген тарихи ескерткіштер барын алға тартады. 

Құрылысшылар экологияға айтарлықтай зиян келмейді деп сендіріп, спортшыларға да жағдай жасалатынын айтып уәде беріп отыр. Аудан әкімдігі де бұл жоба тек халықтың келісімімен жүзеге асып жатқанын, табиғатқа зиян келтірмеу үшін нақты талаптар қойылғанын мәлімдеді. Дегенмен экотуризм мен спорттың дамуына кедергі келтіретін бұл жағдай — үлкен даудың басы. Су спортының тағдыры таразыға түскен сәтте, шешім қабылдайтын тараптар табиғатты да, ұрпақ аманатын да естен шығармағаны абзал.

2030 жылға дейін Көксу өзенінде он су электр станциясын салу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде Рудничный ауылының маңында алғашқы станцияның құрылысы басталып кеткен. Үкіметтің шешімімен қолға алынған бұл жоба 2026 жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс. Жоба аясында өзен бойына бірнеше бөгет салынып, бірі су жинауға арналған үлкен резервуар болмақ. Оның көлемі 13 мың текше метрді құрап, ұзындығы 207 метрге дейін созылады. Құрылыс жүргізіп жатқан компания бұл жұмыстар табиғатқа үлкен қауіп төндірмейді, — дейді Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов.

Сала мамандарының айтуынша, балықтар үшін арнайы арна қарастырылып, спортшылар үшін де жаттығу аймақтарын сақтап қалу мүмкіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ, 90 текше метр ағаш кесілетіні айтылып, бұл жұмыс орман шаруашылығының құзырында екені ескертілді. Компания басшылығы аудан халқына жұмыс ұсынып, туристік іс-шараларға су жеткізіп беру секілді қолайлы шешімдер ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Ал жергілікті әкімдік жоба тек тұрғындармен кеңесе отырып жүзеге асырылып жатқанын айтып, экология мен халықтың қауіпсіздігі басты назарда екенін жеткізді. Инвесторлардан табиғатты қорғау, ағаштың орнына жаңасын отырғызу, мәдениет немесе спорт нысандарын салу, сондай-ақ жергілікті азаматтарды жұмыспен қамту талап етілген. Бұл шарттардың барлығы заңды түрде келісімшартпен бекітіледі. 

Дегенмен басты мәселе – Көксудың қайталанбас табиғаты мен су спортының болашағы. Егер ортақ шешім табылмаса, туризм де, спорт та зардап шегуі мүмкін. Еліміздің атын әлемге танытып жүрген спортшыларға қолдау көрсетіп, табиғаттың тұмса қалпын сақтау – ел мүддесі үшін маңызды.

Өңірде туризм саласы белгілі бір жетістіккке жету әлі де көп күш жұмсау қажет. Бүгінде сол үшін түрлі жоба қолға алынып жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ