Түркістан облысы әскерге шақырушылар саны бойынша республикада көш бастап тұр

0

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев айтты.

1 наурыздан басталған көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында, өңірімізден 350-ге жуық азамат Шекара қызметіне әскери борышын өтеуге аттаныпты. Қазіргі таңда Қарулы күштердің элитасы саналатын десанттық шабуылдау әскерлеріне шақыру жүріп жатыр екен. Ал жалпы еліміздің Қарулы күштеріне 1200-ге жуық бала Түркістан өңірінен шақыруға тапсырма бар екен.
— Қарулы күштеріміздің әскери бөлімдерін жасақтау аяқталған соң, алдағы уақытта ІІМ Ұлттық ұланына 1000-ға жуық азамат, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдеріне 40 азамат және Мемлекеттік күзет қызметіне 40 баланы шақыру жоспарланған, — деді Жандос Тынымбекұлы.
Спикердің сөзінше, әскерге шақыру науқаны уақытында 18 бен 27 аралығындағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық комиссиядан, психологиялық тесттерден және жеке әңгімелесуден өтуі керек.


Сонымен қатар, брифинг барысында қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев мерзімді қызметтегі сарбаздарға көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған атап өтті.
— Қызмет барысында және запасқа шыққаннан кейін 60 күнге дейін несиелік демалыс, ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі, жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік куәлік алу, запасқа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі сияқты әлеуметтік жеңілдікдер біздің сарбаздарымыз үшін арнайы жасалған, — деді ол.
Айтып кетсек, шақыру қағаздары әскерге шақырылушыларға тұрғылықты немесе жұмыс орны бойынша, сондай-ақ 1414 сервисінен SMS-хабарламалар арқылы жеткізіледі. Қызметті кейінге қалдыруды немесе босатуды жергілікті атқарушы органдар арқылы не электрондық үкімет порталында ресімдеуге болады.
Кейінге қалдыру процесі толығымен автоматтандырылған. Бұрын қағаз анықтамаларды ұсыну талап етілсе, енді студенттер туралы мәліметтер Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесіне тікелей Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің базаларынан беріледі. Шетелде оқитын азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы студенттер ретінде тіркеле алады.


ПІКІР ЖАЗУ