Әкімшілік жауапкершілікке тартылсаңыз, не істеу керек?

0

 Елімізде әкімшілік құқықбұзушылық және азаматтардың құқықтары туралы айтылып, жазылып жатқанымен, көпшілігі елемейді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі әкімшілік істің маңызы мен айыппұлдарды төлемеудің салдары жөнінде тоқталып, адвокат кеңесін ұсынады.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 15 миллионнан астам әкімшілік іс тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37% көп (10,98 миллион іс). Ал 10 жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда, құқықбұзушылықтар саны 3,5 есе артқан (4,14 миллион іс).

Сол сияқты құқықбұзушылар саны да өсті: 2024 жылы 14,65 миллион адам жауапкершілікке тартылды, олардың 95,2%-ы жеке тұлғалар болды.

Әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтың айырмашылығы қандай?

Соңғы 10 жылда құқықбұзушылықтардың саны 3,5 есе көбейгенін ескерсек, елімізде әкімшілік жауапкершілік мәселесінің өзектілігі артып отырғанын байқауға болады. Дегенмен, әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстық құқықбұзушылық арасындағы айырмашылықты көпшілік біле бермейді.

Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Алма Мусина бұл туралы былай дейді:

Әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар арасындағы негізгі айырмашылық – олардың ауыртпалығы мен салдарында. Әкімшілік құқықбұзушылықтар жеңілірек болып есептеледі және көбінесе айыппұлмен немесе әкімшілік қамауға алумен шектеледі. Мысалы, заңсыз аңшылық жасау, жол ережесін бұзу немесе кеден ережелерін бұзу жағдайлары әкімшілік құқықбұзушылықтар қатарына жатуы мүмкін. Ал қылмыстық құқықбұзушылықтардың салдары ауыр, сондықтан жазалары да қатаңдау болады. Мысалы, пара беру немесе алу жағдайында сот айыппұл көлемін пара сомасының 60 есесіне дейін беруі мүмкін. Сондай-ақ, қылмыстық жауапкершілікте қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығын шектеу немесе айыру сияқты жазалар да қарастырылған, — деді адвокат.

Құқықбұзушылыққа тартылған азаматтар өздерінің қорғаушысын тағайындауға құқылы

Жауапкершілікке тартылған азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бірқатар құқықтарға ие. Бұл құқықтар азаматтардың заң алдында теңдігін және әділеттілігін қамтамасыз ету үшін маңызды.

Құқықбұзушылыққа тартылған азаматтар өздерінің қорғаушысын тағайындауға құқылы. Егер қаржылық жағдайы болмаса, мемлекет тарапынан қорғаушы тағайындалады. Бұл қорғаушы адвокат болуы мүмкін, ол азаматтың құқықтарын қорғап, оны тергеу мен сот процесінде өкілдік етеді.

Жауапкершілікке тартылған әрбір азаматтың заңмен бекітілген құқықтары бар, және олар қатаң сақталуы тиіс. Егер азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оны күдікті деп тану барысында құқық қорғау органдары оған адвокат тағайындауы қажет. Егер күдіктінің қорғаушыны жалдауға қаржысы болмаса, мемлекет тарапынан тегін адвокат беріледі. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда да азамат өзін қорғау үшін адвокат немесе заңгер сұрата алады. Әрбір азамат өз құқықтарын білуге және қорғауға толық құқылы, — деді Алма Мусина.

Құқық қорғау органдарының қателіктері орын алса не істеу қажет?

Құқық қорғау органдары тарапынан қателіктер орын алса, оны дәлелдеуге болады және бұл үшін бірқатар заңды шаралар қарастырылған. Құқық қорғаушы органдар тергеу немесе әкімшілік іс бойынша жүргізген әрекеттері туралы азаматқа құқықтарын түсіндіруі керек.

Мұндай жағдайда бірнеше жолмен әрекет етуге болады. Жоғарыда айтылғандай прокуратураға немесе қылмыстық істер бойынша тергеу сотына шағымдану қажет. Сондай-ақ, тергеу ісін жүргізіп жатқан органның басшысына немесе осы істі қарастырып жатқан тұлғаға өтініш жазуға болады. Хатамаға қол қоймас бұрын оның мәтінін, яғни өзінің берген жауаптарын мұқият оқып, қателк болса түзетуді талап етіп сосын барып қол қойған жөн. Қажет болған жағдайда адвокат көмегіне жүгінген дұрыс. Заңсыз әрекеттермен алынған дәлелдемелерді жарамсыз деп тануға болады, — деді адвокат.

Құқық қорғаушылардың міндеттері мен жауапкершілігі

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соның ішінде полиция, прокурорлар, тергеушілер және сот орындаушылары, өз әрекеттерінде заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Олардың міндеті – азаматтардың құқықтарын қорғау, әділдік орнату және заңды сақтауды қамтамасыз ету. 

  1. Құқық қорғау органдарының қателіктері заңсыз әрекеттерге әкелуі мүмкін, мысалы:
  • Құқықтарды бұзу немесе оларды түсіндірмеу;
    • Азаматтарды күшпен ұстап алу немесе заңсыз қамау;
    • Шағымдарды немесе арыздарды дұрыс қарамау.
  1. Құқық бұзушылықтар мен заңсыз әрекеттер

Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне мыналар жатады:

  • Заңсыз іздеу: Полиция қызметкерлері азаматтардың мүлкін заңсыз іздеген жағдайда, олардың құқықтары бұзылады.
    • Құқықтарды түсіндірудің болмауы: Азаматтар құқығын түсіндіруді талап етуге құқылы, бірақ бұл жағдайлар жиі кездеседі. Егер бұл түсіндірме болмаса, азаматқа оның құқықтары толықтай орындалмайды.
    • Қорлық көрсету: Азаматтардың құқықтары бұзылып, оларды күш қолдану арқылы мәжбүрлеу заңсыз болып табылады.
    • Қателік жасау: Құқық қорғаушылардың тергеу кезінде қандай да бір қателік жасауы, мысалы, дәлелдерді дұрыс жинамау, маңызды ақпаратты елемеу немесе айғақтарды дұрыс қарастырмау.
  1. Заңсыздықты дәлелдеу үшін қолданылатын құралдар
  • Видеожазбалар мен аудиожазбалар: Құқық қорғаушылардың әрекеттері видео немесе аудио жазбамен дәлелденген жағдайда, бұл мәліметтер сотта маңызды рөл атқарады. Азаматтар өздерінің құқықтарын қорғау үшін ұялы телефон арқылы жазбалар жасай алады.
    • Сараптамалық қорытындылар: Егер құқық қорғаушылардың әрекеттері күмән тудырса, сараптамалар жасалуы мүмкін. Мысалы, медициналық сараптама арқылы азаматтың денсаулығына зиян келгенін дәлелдеуге болады.
    • Жеке куәлік пен куәгерлердің түсініктемелері: Құқық бұзушылық жағдайында куәгерлердің айғақтары да маңызды. Азаматтар өздеріне қарсы құқық бұзушылықты куәландыратын адамдарды шақыра алады.

Құқық қорғау органдарының қателіктерін дәлелдеуде азаматтардың өз құқықтарын біліп, заңды шараларды дер кезінде қолдануы өте маңызды. 

Әкімшілік және қылмыстық істер бойынша адвокаттың көмегі өте маңызды.

Жауапкершілікке заңсыз тартылып жатқан азаматтың кінәсіздігін дәлелдеу үшін адвокаттың кәсіби көмегі ауадай қажет. Адвокат құқықтық тұрғыдан кеңес беріп, істі объективті қарауға ықпал етеді, — деді Алма Мусина.

Әр азаматқа орта есеппен 1,5 айыппұл

2024 жылдың II тоқсанындағы экономикалық белсенді қазақстандықтардың саны 9,2 миллион адамды құрады. Осы көрсеткішке сүйене отырып, әр азаматқа орта есеппен 1,5 айыппұлдан келеді. Ал жүргізуші куәлігі бар азаматтар үшін бұл көрсеткіш 2 айыппұлға жетеді, себебі 2023 жылдың соңында жүргізуші куәлігі бар адамдардың саны 6,3 миллионды құрады.

Бас прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, әкімшілік құқықбұзушылықтардың 98%-ын қамтитын жеті негізгі сала айыппұлдардың жалпы сомасының 67,5%-ын құрады.

Айыппұлдардың негізгі салалары

  1. Жол қозғалысы ережелерін бұзу

2024 жылы барлық айыппұлдардың жартысына жуығы жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты болды. Көлік саласы әкімшілік құқықбұзушылықтардың басты бөлігін құрайды. Бұл сала бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 139,46 миллиард теңгені құрады, бұл барлық айыппұлдардың 46%-ын құрайды. Өндіріп алу деңгейі өте жоғары – 89,8%, яғни бұл саладағы айыппұлдардың көп бөлігі толық төленді.

  1. Салықтық құқықбұзушылықтар

Салықтық құқықбұзушылықтар жалпы істер санынан тек 1,5%-ды құраса да, айыппұлдардың жалпы сомасы 35 миллиард теңгені құрады. Алайда, бұл соманың тек 41,8%-ы ғана өндірілді. Бұл көрсеткіш салық саласындағы құқықбұзушылықтардың толық өндіріп алынбағанын және бұл бағытта проблемалар бар екенін көрсетеді.

  1. Қоғамдық тәртіп пен мораль нормаларын бұзу

Қоғамдық тәртіп пен мораль нормаларын бұзу, көбінесе ұсақ құқықбұзушылықтарды қамтиды, мысалы ішімдік ішу, тыныштықты бұзу немесе қоғамдық орындарды ластау. Бұл құқықбұзушылықтардың жалпы айыппұл сомасы 9,96 миллиард теңгені құрады, алайда айыппұлдардың тек 47,5%-ы ғана өндірілді. Бұл салада айыппұлдардың өндіріп алынуы салыстырмалы түрде төмен деңгейде болды.

Айыппұлды уақытында төлемеу азамат үшін бірқатар қиындықтар туғызуы мүмкін. Біріншіден, төленбеген айыппұлға өсімпұл қосылады, бұл борышкердің жағдайын одан әрі ауырлатады. Екіншіден, іс сот орындаушыларына беріліп, олар борышкердің банктік шоттарын бұғаттауға немесе мүлкіне шектеу қоюға құқылы.Үшіншіден, айыппұл төленбеген жағдайда азаматтың шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін. Бұл, әсіресе, шетелге сапар жоспарлап отырған адамдарға үлкен қолайсыздық тудырады. Төртіншіден, сот актісін орындамаған жағдайда борышкер қосымша әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сонымен қатар, төленбеген айыппұл несие тарихына теріс әсер етуі мүмкін. Бұл болашақта банктерден несие алу мүмкіндігін шектейді. Сондықтан айыппұлды уақытында төлеу өте маңызды, — деді Алма Мусина.

Қазақстанда 2024 жылы әкімшілік құқықбұзушылықтар мен айыппұлдар айтарлықтай өсті. Жол қозғалысы ережелерін бұзу бұл саладағы айыппұлдардың жартысынан астамын құраса, салықтық және қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша айыппұлдардың өндіріп алу деңгейі төмен болды. Әр азаматқа орта есеппен 1,5 айыппұлдан келеді, ал жүргізуші куәлігі бар азаматтар үшін бұл көрсеткіш екі айыппұлға дейін жетеді. Бұл жағдай елімізде құқықбұзушылықтардың кең таралғанын және айыппұлдарды төлеу мәселелерінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.


ПІКІР ЖАЗУ