Талдықорғанда 70-ке жуық көше жөнделеді

0

 Қала аумағында шамамен жетпіс шақты жол учаскесінде ауқымды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл шаралар көлік қозғалысын жеңілдетіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жол жабындысының тозуына байланысты асфальт қабаты жаңартылып, ой-шұңқырлар тегістеліп, инфрақұрылым жақсартылады. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы жол белгілерін жаңарту және көшелерге реттеуші таңбаларды сызу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл жұмыстар 15 сәуірден бастап жүзеге асырылып, кезең-кезеңімен толық орындалады деп күтілуде.

Қала жолдарының жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады. Жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп үміттенеміз, бірақ олардың сапасы ұзаққа шыдамайды. Әсіресе, ішкі көшелердегі ой-шұңқырлар көлік жүргізушілеріне де, жаяу жүргіншілерге де үлкен қиындық туғызып отыр ғой. Жаңбырлы күндері шұрық-тесік жолдарда жүру мүмкін емес, ал қыста қар мен мұз салдарынан жағдай тіпті қиындайды. Жол жөндеу жұмыстары уақытылы әрі сапалы орындалса екен деп тілейміз, — дейді Бауыржан Нұрәділов.

Қаланың ішкі аумақтарындағы көшелер назардан тыс қалған жоқ. Қала орталығынан шалғай орналасқан шағын аудандардағы жолдардың сапасын жақсарту мақсатында қосымша жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар мен қоғамдық көлік аялдамалары маңындағы учаскелер жаңартылуда. Жөндеу барысында сапалы құрылыс материалдары қолданылып, жол инфрақұрылымы барынша тиімді әрі ұзақ мерзімге шыдамды болатындай етіп жасалуда. 

Бұл жөндеу шаралары ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен орындалып, осы жылдың шілде айына дейін толық аяқталады.


ПІКІР ЖАЗУ