12 жасар қызды зорлаған қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Өткен жылдың жазында Жетісу аймағында педофиль үйге тығылып кіріп, оқушы қызды зорлаған еді. Жәбірленуші небәрі 12 жаста болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға қоғам ішінде үлкен дау туғызған еді. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де айыпталушы тергеу изоляторында отырды. Жақында ғана сот үкімі шықты. Дегенмен сот күтпеген жерден шешімін жаңалады. Олар сотталушының әрекетін қылмысқа оқталу ретінде қайта саралап, 15 жылға бас бостандығынан айыруды ойлаған. Бұл үкім кейін тағы да өзгерді.
Аталған іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына өткен жылдың 11 қазанында келіп түскен. Одан кейін Жетісу облыстық соты 3 ақпанда істі саралады. Осы айдын басында, 2 сәуір күні соттың нақты үкімі шықты, — деді Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Оның айтуынша, Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыға 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда облыстық сот аталған істі қайта саралай келе, үкімді өзгертуді шешкен. Қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын арқалады.
Алғашқы үкім шыққаннан кейін, берілген жеңіл жазамен келіспеген Жетісу облыстық прокуратурасы үкімге шағым түсірген. Осылайша апелляциялық сот қадағалау органының ұстанымын қолдап, жазаны күшейтіп отыр. Қылмыскер қалған ғұмырын темір торда өткізеді.
Балаларға қарсы жасалған әр қылмыс қатаң әрі әділ жазалануы керек, — деді Жетісу облыстық прокуратурасының мамандары.
Айта кетейік, «Құқықтық тәртіп» мемлекеттік саясат аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау қадағалау органдарының басымдығы болып қала береді.