Темекі беруден бас тартқан: такси жүргізушісін өлтірген қылмыскер өмір бойына сотталды

Шотландияның Данди қаласында қылмыскер Стивен Грейг такси жүргізушісіне темекі беруден бас тартқаны үшін қатыгездікпен шабуыл жасап, ауыр жарақаттап кеткен. Жәбірленуші Марк Уорд алған жарақатынан бір жылдан кейін көз жұмды. Енді Грейг кемінде 16 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Sky News-ке сілтеме жасап.
47 жастағы Стивен Грейг 2022 жылдың сәуірінде Уорд мырзаға көшеде тап беріп, бірнеше рет тепкілеген. Жәбірленуші ес-түссіз жатқанда, қылмыскер оны сол күйі тастап кеткен, — делінген материалда.
Сот дерегіне сәйкес, Уорд мырза ауыр ми жарақатынан кейін сөйлеу және тамақтану қабілетінен айырылып, тәулік бойы күтімді қажет ететін жағдайға түскен. 2023 жылдың қаңтарында Грейг адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін бес жыл төрт айға сотталған еді. Алайда жәбірленушінің бір жылдан кейін қайтыс болуына байланысты оған адам өлтіру айыбы тағылды.
Эдинбургтегі Жоғарғы соттың судьясы Леди Драммонд бұл оқиғаны «қатыгез әрі мағынасыз шабуыл» деп бағалап, жәбірленушінің отбасы бұл қасіреттен ауыр зардап шеккенін айтты. Марк Уорд – 20 жылдық тәжірибесі бар такси жүргізушісі. Ол алған ауыр жарақатынан кейін өмірінің соңына дейін мүгедек болып қалған, — деп жазды басылым.
Сот Грейгке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, ол кем дегенде 16 жыл түрмеде отырады.