Бүгін елімізде ауа райы қандай болады

«Қазгидромет» РМК бүгінге, 12 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің болжамынша, Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады.
Күн күркіреп, жаңбыр жауады. Солтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түседі. Кей жерлерде қатты жауын-шашын күтіледі.
Тек республиканың батысы мен шығысында ауа райы жауын-шашынсыз болады
Ел аумағында жел күшейіп, батыс пен шығыста тұман түседі. Солтүстікте және оңтүстікте шаңды дауыл соғып, солтүстік өңірлерде бұршақ жаууы ықтимал.
Түнгі уақытта Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай облыстарының солтүстігінде және Атырау облысының батысында 3 градусқа дейін аяз болады деп болжануда.