Жайық жағасындағы үйлер мемлекет меншегіне қайтарылмақ

0

Орал қаласының Ет комбинаты ауданында орналасқан ондаған үйге реквизиция жасалмақ. Яғни, меншік иелерінен жылжымайтын мүлік мәжбүрлеп алынып, мемлекет теңгеріміне беріледі. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Орал қалалық әкімдігінен хабарлады. 

Реквизицияға басты себеп — Жайық өзенінің жыл санап жылжып, жағалаудың тұрғынжайларға тақап қалуы. Егер уақытында шара алынбаса, үйлер суға кетпек. 

Кеше қалалық әкімдік жанынан құрылған комиссияның көшпелі отырысында қай үйлерге қауіп төніп тұрғанын анықтадық. 10 жер телімі реквизицияға жатады. Халықпен түсінік жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға мемлекет меншігіне алынған баспананың орнына ол үйлердің көлемімен тең дәрежеде пәтерлер ұсынылады. Егер меншік иелері оған келіспесе, бағалаушылар бекіткен мөлшерде жылжымайтын мүліктің құны беріледі. Жалпы өздеріңіз білетіндей, Жайық – жанды су. Келешекте бұл жерде жағалауды бекіту қажет деп ойлаймын, — дейді Орал қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Абылай Нұрмақов. 

Былтыр Шүкіров көшесінде өзен жағасына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында темір қоршаулар орнатылыпты. Осы көше тұрғыны, 66 жастағы Виктор Свягиннің айтуынша, 2023-24 жылдары тасқын кезінде Жайық өзені 8 метрге жылжыпты. 

Бала кезде өзен анау теректердің тұсында болыпты. Сонда санай беріңіз, айналдырған алпыс жылдың ішінде жағалау екі жүз метрге дейін жылжыған. Әр көктемде өзен тасыған кезінде, қатты ағыс жарды жеп, құлатып жатыр. Қазір жардың шеті біздің учаскеге кірді. Ауланың қоршауын ағыс әкетті. Енді есік алдында отырып балық аулаймын. Бұлай кете берсе, 4-5 жылда тұрғын үй де суға кетеді. Сондықтан қауіпсіз жерге көшіруді қолдаймын. Алайда көпқабатты емес, жеке тұрғын үй берілсе екен, — дейді ол.


ПІКІР ЖАЗУ