Депутат көшеде видео түсіретін блогерлердің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоюды ұсынды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов соңғы кездері кішкентай балаларды көшеде видеоға түсіріп алып, оларды жарнамаға пайдалану көбейіп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат блогерлер видеоны ешкімнен рұқсат сұрамай, заңсыз пайдаланатынын қоса кетті.
Бізде Азаматтық кодекстің 145-бабы бойынша кез келген ересек адамның өзін блогерлер пайдалануға құқы жоқ. Көшеде сұрақ қойып, видеоға түсіріп алады. Ол – заңсыз. Кез келген адам оны алып тастауға талап қоя алады. Алып тастамаса, прокуратураға, ішкі істер органдарына шағым түсіре алады, — деді депутат.
Оның айтуынша, кез келген адамның видеосын қолдануға ешкімнің құқы жоқ. Егер талап бойынша, видеоны алып тастамаса, оған шара қолданып, айыппұл салуға болады.
Кішкентай балаға өте ауыр кибербуллинг жасалды. Бала жайлы естіп жатырмыз, мектепке де бармай қойған. Үйден шықпайды. Оны барлығы мазақ етіп жатыр. Міне, бір баланың тағдырына осындай зиян келтірілді. Осындай мәселелерге біз арнайы заң шығардық. 2023 жылы шығарылған онлайн платформалар туралы заңда кибербуллингке қатысты нормалар бар. Онда онлайн платформалардан мұндай контентті (кибербуллингке қатысы бар – ред.) алып тастау туралы бап бар. Оны неге орындамай жатыр? TikTok оны неге алып тастамайды? Егер біздің балаларға қатысты материалды алып тастамаса, TikTok-тың өзін бұғаттап тастауға болады. Осындай контент түсірген блогерлер заңсыз түрде ақша тапты. Менің ойымша, ол тегін жасалмаған дүние. Меніңше, әр блогер бірінші кезекте парақшасын сақтауға тырысады. Көбінің миллиондаған оқырманы бар. Онлайн платформалар туралы заңның 9-бабы бойынша, мұндай блогерлердің парақшаларын TikTok, Instagram әкімшілігіне жүгініп, жауып тастауымыз керек, — деп санайды Әбенов.
Депутаттың айтуынша, осындай жұмыс қолға алынса, басқа блогерлер де ойлана бастайды.
Мәжілісмен Бас прокурорға, Мәдениет және ақпарат министріне, Ішкі істер министрлігіне, Бала құқықтары жөніндегі уәкілге онлайн платформалар туралы заң аясында TikTok пен Instagram әкімшілігіне шығып, балаларға буллинг жасаған парақшаларды жауып тастауды талап етуді ұсынды.
Әбенов блогерлерге басқа адамның бейнесін рұқсатсыз пайдалануға болмайтынын ескертті. Ол әсіресе жарнама үшін пайдалану дұрыс емес екенін жеткізді. Депутат осы ретті өзі де әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатынын қоса кетті.
Әр адамның бейнесі – өзінің жекеменшігінде. Оны ешкім пайдалана алмайды, — деді депутат.
Ол соңғы кезде өзгенің бейнесін пайдаланатындар жиілеп кеткенін айтып, дабыл қақты.
Бірінші кезекте балаларды қорғауымыз керек. Ата-анасының рұқсатынсыз балаларды көшеде түсіруге болмайды. Қазір көшеде блогерлер кез келген адамға жақындап, оларға сұрақ қойып, контенттерін жасап жүр. Ол да заңсыз. Азаматтарға бейнеңізді заңсыз пайдалануға жол бермеңіздер дегім келеді. Біз көбіне үндемей, “өзіміз ғой” деп қоя саламыз. Оған қоса, қазір кешірім сұрау көбейіп кетті. Кешірім сұрау – ол айыбын қайтару, өтеу емес. Сот кешірімді қабылдамауы керек. Кешірімді екінші адам қабылдай алады. Ал егер азамат кешірімге келіспесе, онда блогерлердің парақшаларын жабу керек, — деп пайымдады Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.