Алдағы күндері 38 градусқа дейін ыстық болады

«Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Нұрлы жол» вокзалында тарихи фотокөрме ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеге Kazinform фототілшілерінің соғыс жылдары түсірген 80 бірегей суреті шығарылған.
Ғасырлық мұра: фотосуреттер арқылы тірілген тарих
Kazinform агенттігі ғасырдан астам уақыт бойы ел шежіресін таспаға тартып, маңызды оқиғаларды фотоматериалдармен қатар жариялап келеді. Бұл көрмеге агенттік архивінен іріктелген ерекше 80 тарихи сурет қойылған. Олар төрт негізгі тақырып бойынша топтастырылған:
«Екінші дүниежүзілік соғыс – 1939–1945 жылдар»
«Панфиловшы батырлар»
«Тылдағы әйелдер еңбегі»
«Теміржол: соғыс жылдары, соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі кезең»
Тыл мен майдан: Қазақстанның үлесі
Соғыс жылдары 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанды. Өкінішке қарай, олардың 600 мыңнан астамы туған жерге оралмады. Жеңіске жету жолы тек майдан даласында емес, тылдағы тынымсыз еңбекпен де көмкерілді:
- Қазақстан зауыттарында майданға атылған әр 10 оқтың 9-ы құйылды
- Фронтқа 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жөнелтілді
- Жеңіл өнеркәсіп 2 миллион сарбаз бен офицерді киіммен қамтамасыз етті
- Елде 78 госпиталь жаралыларға көмек көрсетті
- Қазақстандықтар қорғаныс қорына 4 млн рубльден астам қаражат жинады
- 1945 жылы студенттер қаражатына құрылған танк колоннасы Берлин шабуылына қатысты
Ерлік иелерінің бейнесі — фотода
Көрмеде ұсынылған кейіпкерлер – солдаттар, дәрігерлер, жұмысшылар, ғалымдар – барлығы патриотизм мен жанқиярлықтың символы. Фотосуреттер арасынан Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова, генерал-майор Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы сынды тұлғалар бейнеленген.
Көптеген фотосуреттердің авторы белгісіз күйде қалған. Белгілі болған авторлар қатарында В. Гребнев, Ю. Редкин, Г. Галкин сынды фототілшілер бар. Фотосуреттер авторларын анықтау жұмыстары жалғасуда.
Біз бұл жобаны қолға алғанда үлкен архивтік жұмыстар жүргіздік. Іздестіру барысында жеке қорлармен қатар, мемлекеттік музейлер мен кітапханалардың материалдарын зерттедік. Қазақстан мен Ресейдің архивтерінде жұмыс істей отырып, мыңдаған тарихи фотосуреттер жиналды. Солардың ішінен 80 сурет арнайы іріктеліп алынып, көрмеге ұсынылды. Бұл таңдау Жеңістің 80 жылдығына арналды, және көрме төрт негізгі тақырыптық блоктан тұрады. Соғыс жылдарындағы майдан көріністері, әйелдер мен балалардың тылдағы рөлі және еңбегі, Панфиловшылардың ерлігі, темір жол тақырыбы — соғыс кезі мен одан кейінгі кезең болып аталады. Көрме 31 шілдеге дейін елордада жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары келіп, осы тарихи суреттермен таныса алады. Сонымен қатар, бұл материалдар Қазақстанның барлық әуежайлары мен темір жол вокзалдарындағы LED экрандарда көрсетіледі. Осылайша, барынша көп адамға бұл ерекше тарихи сәттерді көрсету мүмкін болып отыр,-деді «Kazinform» Халықаралық ақпарат агенттігінің Бас редакторы Нағашыбек Алдан.