Құлдыққа қарсы күрес: Құрбандардың құқығы және заңгерлік көмек

Заманауи құлдық мәселесі бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі болып отыр. Бұл құбылыс тек шетелдерде ғана емес, Қазақстанның кейбір аймақтарында да байқалады. Кейбір елді мекендерде азаматтар мәжбүрлі еңбекке тартылып, құлдықта ұсталады. Елімізде адам саудасына қатысты 21 жағдай анықталған, оның ішінде 18-і – Қазақстан азаматтары. Осы мәселе төңірегінде Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Алма Мусинамен сұхбаттасты.
Құлдық тақырыбына көз жұму мүмкін емес. Бұл құбылыс бүгінде “нео-құлдық” деп те аталады. Global Slavery Index деректеріне сәйкес, әлемде шамамен 50 миллион адам қазіргі заманғы құлдықтың құрбаны болып отыр.
Қазіргі таңда құлдық қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейінгі әлемдегі ең ірі көлеңкелі бизнеске айналған. Сұраныс болған жерде оны қанағаттандыратындар да табылады. Алайда, мәжбүрлілікке душар болған азаматтардың құқықтары туралы айту – қоғамның басты міндеті.
Адвокат Алма Мусина адам саудасына қатысты Қазақстанда қарастырылған жазалар мен бұл мәселені шешу үшін қолға алынған шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, адам саудасына және мәжбүрлі еңбекке тарту бойынша қылмыстық істерге қатаң жаза қарастырылған.
— Құлдыққа түскен адам құқығы бұзылған жағдайда қайда жүгінуі керек?
— Құлдық, яғни адамның бостандығын шектеу, оны еркінен тыс, мәжбүрлеп жұмыс істеткізу немесе заң бұзушылық болып табылатын әрекеттерді жасатқызу. Құлдық көп жағдайда адамды ұрлау немесе алдап алып кетумен жанасады. Құлдыққа түскен адамның құжаттарын, ұялы телефондарын алып қойып, оны сыртпен хабарласа алмайтын жағдайда ұстайды. Сондықтан өзінің құлдыққа түскені жайлы таныстарына, туыстарына, құқық қорғау органдарына хабарлау әрекетін ойластырып, амалын табуға тырысу керек. Мұндай жағдайда істеуге болатын әрекеттердің нақты алгоритмін айту қиын, себебі жағдай әртүрлі сипатта болауы мүмкін. Басты мақсат өзінің құлдыққа түскенін және мекенжайын хабарлауға тырысу.
— Қазақстанда адам саудасымен күрес жөніндегі негізгі заңдар мен ережелер қандай?
— Адам саудасы, адам ағзасын заңсыз сату, бала саудасы сияқты қылмыстар трансұлттық топтасқан ұйымдармен жанасқан. Адам саудасының негізгі себептері сексуалдық қанау, құл еңбегін пайдалану, адам ағзасын сату, ал бала саудасы көп жағдайда бала асырап алу мақсатында немесе сексуалдық қанау мақсатында жасалатын қылмыстар.
Қазақстанда бұл қылмыстарға тосқауыл ретінде көзделген бірқатар жауапкершіліктер бар. Мысалға, 5 шілде 2024 жылы Қазақстанда “Адам саудасына қарсы күрес” туралы заң қабылданды. Заңның негізгі мақсаты адам саудасы құрбандарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау болып табылады. Заңның негізгі міндеттері адам саудасына қарсы күрестің бірыңғай жүйесінің қызметін ұйымдастыру және үйлестіру, адам саудасының құрбандарына көмек көрсету және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, адам саудасына қарсы күрес субъектілерінің өзара іс-қимылын күшейту және адам саудасына қарсы күрес және оның халықаралық міндеттемелерін орындау бойынша халықаралық ынтымақтастықтың ұйымдық-құқықтық негіздерін құру болып табылады.
Сондай ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде «адам ұрлау», «адам саудасы», «бас бостандығынан заңсыз айыру», «кәмелетке толмағандар саудасы», «кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тарту» сияқты баптар көзделген.
— Заң тұрғысынан құлдыққа мәжбүрлеген адамдарға қандай жаза қарастырылған?
— Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде “адамды ұрлау” және “адам саудасы” фактілері бойынша тиісті баптар қарастырылған және ол баптар бойынша қылмыстың ауырлығына қарай 4 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал “кәмелетке толмағандар саудасы” бабы бойынша 18-жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
— Адам саудасы немесе құлдық құрбаны ретінде танылған тұлғаларға мемлекет қандай көмек көрсетеді?
— 2018 жылы “Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы” Заңның қабылдануымен қылмыстан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсететін мекеме құрылды. Қорды қалыптастырудың негізгі көзі сотталғандардан сот өндіретін міндетті төлемдер болып табылады. Жазаның мөлшері жасалған қылмыстың санатына байланысты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің талаптарына сәйкес жәбірленушілерге, соның ішінде адам саудасы қылмысынан зардап шеккендерге бюджет тарапынан арнаулы әлеуметтік қызметтер, яғни әлеуметтік көмек көзделген, мысалға, медициналық, психологиялық, құқықтық, тұрмыстық т.б.Со ндай-ақ адам саудасы қылмысынан зардап шеккендерді қабылдайтын кризистік (дағдарыс) оталықтары әлеуметтік көмек көрсетеді.
— Азаматтардың құлдыққа түсіп қалмауы үшін қандай сақтық ережелері ұсынылады?
— Негізі құлдықтың алдын алу үшін әлеуметтік ұйымдар, құқық қорғау органдары, заңгерлер қоғам арасында арнайы іс-шаралар жүргізсе дұрыс болар еді, яғни ескерту шараларын. Ал жалпы айтсақ, құлдық құрбаны көп жағдайда жұмыс іздегендер, соның ішінде жастар. Сондықтан кез келген жұмысқа, оқуға, т.б. шақыру туралы ұсыныстарға келісім бермес бұрын, шақырушы тараптың легитимді тұлға екенін, лицензиясының бар жоғын, қанша жыл қызмет көрсететінін мұқият тексерген жөн. Шетелге шығу үшін легальды түрде виза ашып, медициналық сақтандыруды алған жөн. Баратын жердің телефон номері мен мекенжайын алдын ала біліп, оны туыстарына, жанұсына беріп қойған жөн. Сонымен қатар жеке бас құжаттарын ешкімге бермеу керек.
— Құлдыққа түскен адамдардың құқықтарын қорғауда қандай халықаралық келісімдер қолданылады?
— Халықаралық деңгейде адам саудасына қарсы күресті күшейту мақсатында Қазақстан бірқатар негізгі халықаралық құжаттарға қосылды, соның ішінде: — “Құлдық туралы конвенцияға”, “Адам саудасына және жезөкшелікті пайдалануға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға”, “Құлдықты, құл саудасын және құлдық кәсіпті тоқтату туралы қосымша конвенцияға”, № 105 “Мәжбүрлі еңбекті тоқтату туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының Конвенциясы”, “Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекетке немесе жазаға қарсы халықаралық конвенциясына”, “БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына”, “Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияны толықтыратын адам, әйелдер және балалар саудасының алдын алу, жолын кесу және жазалау туралы хаттамаға”. 2003 жылдан бастап елімізде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын “Адамды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы” жұмыс істейді.
— Әңгімеңізге рахмет.
Global Slavery Index 2023 деректеріне сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда шамамен 208 000 адам қазіргі заманғы құлдықта болған. Бұл ел халқының әрбір 1000 адамына шаққанда 11,1 адам дегенді білдіреді. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде 17-орында, ал Еуропа мен Орталық Азия өңірінде 9-орында тұр .
Құлдық түрлері
Қазақстанда қазіргі заманғы құлдықтың негізгі түрлері мыналар:
- Мәжбүрлі еңбек: құрылыс, ауыл шаруашылығы, мақта және темекі өндірісі салаларында жиі кездеседі.
• Сексуалдық қанау: әйелдер мен қыздар жыныстық қанауға ұшырайды.
• Мәжбүрлі неке: кейбір жағдайларда қыздарды еркінен тыс тұрмысқа беру орын алады.