Қазақстандықтарға баспана мәселесін шешуге қандай қолдау көрсетіледі?

Индустрия және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығымен жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйдің жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау қағидаларын бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Субсидиялау — жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау (жалдау) ақысын төлеу мақсатында бюджет қаражатынан бөлінетін өтемақы түріндегі қайтарымсыз мемлекеттік қолдау.
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау (мемлекеттік қызмет) тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылады. Бұл банк – ұлттық даму институты мәртебесіне ие және оның қызметі тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті органмен жасалған шарт негізінде ақылы түрде көрсетіледі.
Қағидаларда былай делінген: “Жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тең негізде жүзеге асырылады – 50% бюджет қаражатынан, 50% қызмет алушы есебінен”.
Бюджет қаражатынан төленетін 50% субсидия мынадай көздерден қалыптасады:
- 80% – республикалық бюджеттен;
- 20% – тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттен.
Кімдерге субсидия тағайындалады:
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін келесі санаттағы ҚР азаматтары ала алады:
- 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе асырап отырған отбасылар;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелет жасына дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа толмаған жастар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мен отбасылар.
Аталған азаматтар «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасында тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген болуы керек.
Субсидия отбасындағы әрбір мүшеге шаққандағы соңғы 6 айдағы жиынтық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2025 жылы – 46 228 теңге) аспаған жағдайда тағайындалады.
Жиынтық табысқа кіретіндер:
- жалақының барлық түрлері (мерзімдік, кесімді, үстемақылар, сыйақылар, өтемақылар – еңбек заңнамасына және еңбек келісімшарттарына сәйкес);
- кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс.
Жиынтық табысқа кірмейтіндер:
- әлеуметтік төлемдер;
- мүгедек баланы күтуші тұлғаның зейнетақы төлемдері;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың білім беру ұйымдарынан алатын мемлекеттік стипендиясы.
Арендалық тұрғын үйдің ауданына қойылатын талаптар:
- 1–3 адамнан тұратын отбасы үшін – 40 м²-ден аспау керек;
- 4–5 адам – 60 м²-ден аспау керек;
- 6 және одан көп адам – 80 м²-ден аспау керек.
Егер жалға алынған үйдің ауданы көрсетілген шектен асса, тек осы нормалардың 50%-ына дейінгі сома ғана субсидияланады.
Сондай-ақ, егер 1 м² жалдау ақысы белгіленген бағадан төмен болса, онда нақты шарттағы баға бойынша субсидия беріледі.
Жақын туыстардан, жұбайлардан (бұрынғы жұбайларды қоса алғанда) және олардың туыстарынан тұрғын үй жалдауына тыйым салынады. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлер жалға алынған жағдайда субсидия берілмейді.
Субсидияны тоқтату жағдайлары:
- қызмет алушының тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін жоғалтуы;
- қызмет алушының өз еркімен субсидиялаудан бас тартуы;
- жалға алынған үйден шығару;
- басқа тұрақты мекенжайға көшу;
- жалдау шартында көрсетілген мекенжайда тұрмауы;
- жалған ақпарат ұсыну;
- жақын туыстардан тұрғын үй жалдағаны анықталған жағдайда.
Субсидия тағайындалған кезде қызмет көрсетуші (услугодатель) Сайт арқылы:
- жалдау шартын қалыптастырады;
- жалға алушы (қызмет алушы) мен жалға беруші арасындағы шарттың жасалуын қамтамасыз етеді;
- қажет болған жағдайда жалдау шартын уәкілетті тіркеуші органда тіркейді.
Қызмет көрсетуші ай сайын субсидияны қызмет алушының арнайы ағымдағы шотына аударады, мына шарт орындалған жағдайда:
- қызмет алушы шотта жалдау төлемінің 50% мөлшерін қамтамасыз етеді;
- егер жалға алынған тұрғын үйдің ауданы белгіленген нормадан асып кетсе, артық сома қызмет алушының өз қаражаты есебінен төленеді.
Қызмет көрсетуші ай сайын жергілікті атқарушы органға жасалған жалдау шарттары туралы ақпарат береді.
Өз кезегінде, жергілікті атқарушы орган қызмет алушы жалға алған жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдің нысаналы пайдаланылуына тоқсан сайын кемінде бір рет мониторинг жүргізеді.
Егер жалдау шартында көрсетілген мекенжайда үшінші тұлғалардың тұрып жатқаны анықталса, қызмет алушы үш күн ішінде өзі сол мекенжайға орналасуы тиіс.
Егер бұл бұзушылық жойылмаса немесе қайта анықталса, жергілікті атқарушы орган екі жұмыс күні ішінде қызмет көрсетушіге субсидиялауды тоқтату туралы ақпарат жолдайды. Субсидияны қайта жандандыруға жол берілмейді.
Сол сияқты, егер тұрғын үй жақын туыстардан, жұбайлардан немесе олардың туыстарынан (соның ішінде бұрынғы жұбайлардан) жалға алынғаны анықталса, жергілікті атқарушы орган екі жұмыс күні ішінде бұл ақпаратты қызмет көрсетушіге жолдайды. Бұл жағдайда да субсидия қайта тағайындалмайды.
Бұл бұйрық 2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енеді.