Еріктілер жылы: Қазақстан халықаралық бастаманы ілгерілетуде

0

 Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 2026 жыл — Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Осыған орай Қазақстанда ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы негізінде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясындағы жалпы саяси пікірталас барысында ресми түрде жариялаған болатын.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде волонтерлік қызметті дамытуға айрықша мән беріп келеді. Ол еріктілікті Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қоғамдық бастамалардың бірі ретінде қарастырады.

Осы бастаманы ілгерілету мақсатында 2025 жылғы 12 мамырда Астанада Халықаралық еріктілер жылын өткізуге дайындық мәселелеріне арналған Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және волонтерлік бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алдына қойылған мақсат-міндеттер мен жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар еріктілік арқылы тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізудегі үлесті арттыру жолдары қарастырылып, жаңа ұсыныстар мен бастамалар ортаға салынды.

2026 жылы өтетін Халықаралық еріктілер жылы аясындағы іс-шаралар еліміздегі волонтерлер қозғалысына тың серпін беріп, бұл бастаманың ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде дамуына мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, волонтерліктің болашағына бағытталған басты даму басымдықтарын айқындауға жол ашады.


ПІКІР ЖАЗУ