Жасанды интеллект кінәлі: АҚШ-та 150 мың доллар алатын маман жұмысынан айырылды

0

 20 жылдық тәжірибесі бар американдық бағдарламашы Шон Кей $150 000 жалақысы бар жұмысынан айырылды. Оны жасанды интеллект алмастырды. Бұл туралы Fortune басылымына сілтеме жасай отырып BAQ.KZ хабарлайды.

Шон Кейдің соңғы жұмыс орны метағаламмен (метавселенная) айналысатын компания болған. Бұл – болашағы зор деп бағаланған сала. Алайда ChatGPT секілді құралдардың қарқынды дамуына байланысты бұл бағыт соңғы кезде танымалдығынан айырыла бастады.

Информатика мамандығы бойынша жоғары білімі мен 20 жылдық тәжірибесіне қарамастан, Шон Кей қазір шағын тіркемеде (трейлерде) тұрады. Қаржы тапшылығына байланысты ол табыс табудың түрлі шығармашылық жолдарын іздеуге мәжбүр болған. Қазір ол тапсырыс жеткізіп, eBay арқылы заттар сатады, алайда бұл табыс бұрынғы жалақымен салыстырғанда мардымсыз.

Шон Кей техник немесе жүк көлігін жүргізетін жүргізуші болу үшін қосымша білім алуды ойлаған, бірақ бұл курстардың құны өте жоғары болғандықтан, ол бұл жоспарынан бас тартқан.

Қазір ол негізгі мамандығы бойынша жұмыс іздеуде. Оның айтуынша, жіберген 800 түйіндемесінің ішінде небәрі 10 шақты сұхбатқа ғана шақырту алған, ал кейбір сұхбаттардың өзі нақты адаммен емес, жасанды интеллектпен өткен.

Мен өзімді көзге көрінбейтін адамдай сезінемін. Түйіндемемді маманға жетпей жатып, жүйе іріктеп тастайтын сияқты, – дейді Шон.

Ол өзінің жағдайын алдағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар толқынының бастамасы ғана деп есептейді.

Бұған дейін Anthropic технологиялық компаниясының бас директоры Дарио Амодей бағдарламалау саласында үлкен өзгерістер болатынын ескерткен еді. Оның болжамынша, 2024 жылдың қыркүйегіне дейін кодтардың 90 пайызын жасанды интеллект жазады, ал келесі 12 айда бұл жұмыс түрінен адамдар толықтай шеттетілуі мүмкін.

Технологиялық сектордағы қысқартуларды бақылайтын Layoffs.fyi деректеріне сәйкес, 2024 жылы 150 мыңнан астам адам жұмыстан айырылған. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 50 мыңнан асып кетті.

Бұл – уақыт өте келе бәрінің басынан өтетін жағдай. Сондықтан қоғамда біз бұл салдарлардың ең ауыр түрінен сақтану үшін нақты шешім ұсынуды баяғыда бастауымыз керек еді, – деп түйіндеді Шон Кей.


ПІКІР ЖАЗУ