Алматыда қатты желден тұрғын үйдің қасбеті құлады

0

 18 мамыр күні Алматы қаласында қатты желдің салдарынан Зерделі шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінің бір бөлігі құлап түсті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған видеода тұрғын үйдің маңынан адамдардың өтіп бара жатқаны байқалады. Әкімдіктің мәліметінше, ешкім зардап шеккен жоқ.

Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы пікір білдірді. 

— Алатау ауданы зерделі шағын ауданындағы № 1/144 тұрғын үй 2014 жылы пайдалануға берілген. 2023 жылы осы үйдің іргетасын нығайту және кіреберісін жөндеу жүргізілді, бүгінде аталған жұмыстар бойынша кепілдік мерзімі аяқталды. Қасбетті қалпына келтіру мәселесі басқарушы компания — «Виконгрупп» ЖШС ұйымдастырған тұрғындардың жалпы жиналысында шешілетін болады, оның шоттарында жөндеу жүргізуге белгілі бір қаражат бар. Қажет болған жағдайда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында «ТКШ жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға өтінім берілетін болады,- деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған Зерделі (бұрынғы Алғабас) шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып шағымданған болатын. Тұрғындар басқа жерге көшірілген еді.


ПІКІР ЖАЗУ