ҰБТ тапсырмағандар педагог мамандығына оқып жатыр. Депутатты болашақ мұғалімдер алаңдатты

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкімет пен Жоғары аудиториялық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жастардың, оның ішінде оқушылардың білімін арттырып, оларды бәсекеге қабілетті етеміз деп педагогтердің жалақысын көтеріп, оларды талапты күшейту жөнінде шешім қабылдадық. Педагогтердің жалақысы бірнеше есе көтерілді. Бірақ ЖАП-тың есебіне қарап отырсақ, тиісті министрлік бұл бағытта көптеген кемшілік жібергені анықталып отыр, — деді депутат.
Аралбайұлы айтқандай, мұғалім мамандығына түсу үшін шекті балл 75. Кейін оқуды аяқтаған студенттер жұмысқа тұру үшін тағы тест тапсырады.
2024 жылғы жағдайды қарасақ, жастар жаппай басқа мамандықтарға оқуға түсіп, кейін ауысып, педагог мамандықтары бойынша ақылы бөлімде білім алып жатқаны анықталды. Яғни бұл жалған жол әлі күнге дейін жабылмаған. Салдарынан елімізде педагог мамандықтары бойынша 81 200 студент ақылы бөлімде оқып жатыр. Соның ішінде 18 мың студенттің 5300-і ҰБТ-да 75 балл жинамаған. Ал қалған 12 700 студент ҰБТ-ға мүлде қатыспаған. Ертең олар оқуды бітіріп, жоғары жалақы алып, оқушыларды дайындайды. Бұған қалай жол бердіңіздер? – деп сұрады мәжілісмен.