Алматы тұрғындарының басты 5 мәселесі – шешім жолдары қандай?

0

Алматы тұрғындарының айтуынша, қаладағы өмір сапасына, жайлылық пен денсаулыққа тікелей әсер ететін ең өзекті мәселелер бар. Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі зерттеулер мен қала халқының пікірлеріне сүйене отырып жиі көтерілетін бес негізгі мәселені анықтап көрді.

1. Ауаның ластануы және экология

Алматы экология тұрғындар үшін әлі де басты мәселе болып отыр. Олар шығарындыларға, түтінге, заңсыз ағаш кесуге және қалада көгалдандырудың жеткіліксіздігіне алаңдайды.

Ғаламтордағы сауалнамаларда шамамен 27% респондент экологияға шағымданған. Мамандардың айтуынша, қаладағы ауаның 60-80% ластануы автокөліктердің үлесіне тиесілі. Олардың басым бөлігі ескі, катализаторсыз. Одан бөлек көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 қала шығарындыларының төрттен бірінен астамын құрайды. Қала географиялық, яғни тау бөктерінде орналасуы бұл жағдайды одан сайын ушықтырады.

Қала әкімдігі қандай шаралар қабылдап жатыр?

ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті көмірден газға көшіру 2026 жылға жоспарланған.
• Жеке секторды газдандыру 99,4%-ға жетті. Қалған 126 үй (көбіне әлеуметтік осал топтар) 2025 жылы қосылады.

2024 жылдан бастап дизельді автобустарды сатып алуға тыйым салынды. 2025 жылы 600 газды және 200 электробус алу жоспарланып отыр. Бұл экологиялық көліктің үлесін 95%-ға жеткізеді.

Мониторинг желісі: Қазгидрометтің 16 станциясы, AirVizin-нің 9 датчигі және қаланың 20 бекеті. Мәліметтер 49 LED-экран арқылы нақты уақытта беріледі. 2025 жылы Азия Даму Банкі есебінен тағы 50 пост орнатылады.

2. Кептелістер, көлік және қоғамдық көлік

Сауалнамаларда көлік мәселесі үшінші орында (шамамен 14 %). Әкімдікке түсетін өтініштердің ішінде ең көп бөлігі — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, коммуникациялар және көлікке қатысты 75 000-нан аса шағым тіркелген.

Қала тұрғындары қоғамдық көліктің қолайсыздығына, шамадан тыс толып кетуіне және кейде жаяу жүруден де тиімсіз екеніне жиі шағымданады.

Жолдағы жағдай ақылға сыймай кетті… бұрын 20 минутта жететін жерге қазір 1–2 сағат кетеді, – деді қала тұрғыны Меруертс Сәрсембекова.

3. Тұрғын үй-коммуналдық шарушалық, инфрақұрылым және жол жөндеу

• Коммуналдық мәселелер тұрғындар шағымдарының алғашқы үштігінде. Әкімдік оларды жиі тіркейді. Тұрғындар қазылып тасталған көшелерге, баяу жүретін жөндеу жұмыстарына, арықтардың (суландыру арналарының) нашар жағдайына, қоқысқа және ескірген ортақ инфрақұрылымға наразылық білдіреді.

Көптеген аудандарда су құбыры, кәріз, жылу желілері және электр желілері ескірген. Апаттар жиі болып тұрады: су тоқтап қалады, жарық пен жылу өшіріледі. Желілерді ауыстырғаннан кейін көшелер ұзақ уақыт қазулы қалып қояды, шұңқырлар дер кезінде көміле бермейді. Жұмыстар тұрғындардың ыңғайын ескерместен жүргізіледі. Қыс мезгілінен кейін жиі шұңқырлар мен ойықтар пайда болады.

Алматынының жолдарын жылда күзге қарай қаза береді. Жақында ғана салған жаңа асфальтты құртып, орнына қайтадан жаңасын салады. Қала билігінің локигасын түсінбеймін, – деді тұрғын Әділет Есенғали.

Әкімдік мәселені қалай шешіп жатыр?

Ресми дерек бойынша, жыл сайын шамамен 200 км көше жөнделеді.
Жаңа тротуарлар мен веложолдар салынып жатыр, әсіресе Алатау, Наурызбай аудандарында және қаланың шетінде.

Әкімдіктің дерегінше, Алматыдағы коммуналдық желілердің тозуы 50 %-дан асады. 2024 жылы тұрғындардан ТКШ, транспорт және инфрақұрылым бойынша 75 мыңнан астам шағым түскен, бұл ең көп шағымданатын санат. Әкімдік 2030 жылға дейін Алматының инженерлік желілері мен арық жүйесі толық жаңартылатынын уәде етеді.

4. Қала бейнесі, көгалдандыру және тарихи келбет

• Yvision талқылауларында жиі айтылатын талқылаулар:

• тарихи ғимараттардың сүрілуі немесе өзгертілуі, қаланың келбетінің бұзылуы;
• ағаштардың жаппай кесілуі (ресторандардың айналасында, Орталық саябақта);
• көшелердің нашар тазалануы, техниканың қалдыратын шаңы.

Пионерлер сарайы (1962 ж.)

Қоғамдық қарсылыққа қарамастан, 2005 жылы ғимарат сатылып, “сейсмотұрақтылық нормаларына сәйкес келмейді” деген себеппен сүрілді. Оның орнына бесжұлдызды қонақүй салынды.

“Алатау” кинотеатры

• Модернизм стилінде 1958 жылы салынған. 2015 жылы сүріліп, орнына мейрамханасы ашылды.

Қазақ КСР Мемжоспар ғимараты

• Желтоқсан-Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында, 1954 жылы салынған. Қоғамдық наразылық пен қол жинауға қарамастан, сүріліп тасталды, орнында тек қирандылар қалды.

“Саяхат” автобекеті

Алматыдағы алғашқы стационарлық автобекет (1967 ж.). 2008 жылы “қауіпсіз емес” деген себеппен сүрілді. Оның орнына жаңа көлік инфрақұрылымы салынуы керек еді, бірақ іс жүзінде тұрғын үйлер бой көтерді.

Неге бұл сүрулер алаңдатады?

Бұл жоғалтулар тек архитектуралық нысандардың жойылуы емес. Бұл — қаланың тарихи жадынан, оның визуалды келбетінің бір бөлігінен айырылу. Пионерлер сарайы мен “Алатау” кинотеатры сияқты нысандар тек ғимараттар ғана емес, Алматының қоғамдық өмірі мен мәдени ландшафтының ажырамас бөлігі болды.

Қала билігінің әрекеттері

Әкімдік кей жағдайларда тарихи ғимараттарды толық сүрмей, фасадын сақтап қалу, ал ішкі құрылымды жаңарту тәсілін қолданды. Мысалы:

• Ескі үйлердің кейбірін тұрғын үй немесе бизнес-орталыққа бейімдеу;
• Сәулеттік ескерткіштерді қайта қалпына келтіру: мешіттер, ғибадатханалар, кейбір мәдениет үйлері.

Алайда, сыншылар мұны жиі “жартылай шара” деп атайды, себебі шынайы тарихи мұраны қорғау жүйесі әлі де әлсіз.

5. Қауіпсіздік және әлеуметтік шиеленіс

• Экологиядан кейінгі қаладағы екінші маңызды мәсесле – қауіпсіздік (16 %).
• Тұрғындар маргиналдануға, әлеуметтік шиеленіске және қаланың кейбір аудандарында мигранттарға деген сенімсіздікке алаңдайды.
• Сондай-ақ азаматтар арасында ұсақ қылмыстар жиі талқыланады. Олардың қатарында ұрлықтар, қарт адамдарды тонау, қалта ұрылары мен шабуылдар азматтардың жүрегінде алаңдаушылық сезім ұялатады.

ІІМ қандай шара қабылдап жатыр?

ІІМ мен әкімдік деректері бойынша, 2024 жылы Алматыдағы көше қылмыстары 12 %-ға азайды. “Сергек” жүйесінің арқасында өлімге әкелген ЖКО саны шамамен 20 %-ға қысқарды. Қоғамдық орындарды бейнебақылаумен қамту 80 %-ға жетті.

Мамандардың сөзінше, Алматы еліміздегі ең үлкен мегаполис болған соң, мұндай мәселелердің болуы заңдылық. Алайда онымен тұрақты түрде күрес жүргізсе, мәселелердің қазіргіден аз болатыны анық.


ПІКІР ЖАЗУ