Самокат тізгіндегендердің әрекеті үшін кикшеринг компаниялар жазалануы мүмкін

0

Ішкі істер министрлігі самокат жалға беретін компаниялардың жауапкершілігін қатаңдатпақ.

Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

— Иә, шынымен де проблемалар бар. Бүгін сағат 18.00-де кикшеринг компаниялардың басшыларымен кездесу ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда қандай негізгі проблемалар бар? Бұл: тротуарда самокатпен жүру, жылдамдық режимін сақтамау. Кикшеринг компаниялардың басшылары бір кездері скутер тротуарларда 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүреді деп ант берген. Алайда, бұл уәде орындалмай отыр. Сондықтан осы компаниялардың басшыларына қатысты заң аясында шаралар қабылданады. Сонымен қатар, жолаушылар діттеген жеріне жеткен соң скутерді бейберекет тастап кетеді. Бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтіреді, — деді Қайсар Сұлтанбаев.

Оның айтуынша, ІІМ жергілікті әкімдіктермен бірге кикшеринг компаниялардың басшыларына скутер тұрақтарын орнату туралы ұсыныспен жүгінген. Алайда ол ұсыныс аяқсыз қалған.

— Осыған байланысты полиция барлық кінәлілерді жауапқа тартады, — деді комитет басшысы.

Бұған дейін Алматы полициясы электрлі самокат пайдаланушыларға үндеу жасағанын жазған едік. 

  


ПІКІР ЖАЗУ