Қазақстандағы банктердің табысы жарты жылда 1,4 трлн теңгеден асты

Қазақстанның банк секторы тұрақты өсім мен жоғары табыстылықты көрсетіп отыр. 2025 жылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша таза табыс 1,4 трлн теңгені құраған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Банк активтерінің тиімділігі 2025 жылғы 1 шілдеде 4,6 пайызды, ал капитал тиімділігі – 32 пайызды құраған.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша банк активтері 5,3 пайызға ұлғайып, 64,8 трлн теңгеге жеткен.
Қарыз портфелі 9,1 пайызға – 39,1 трлн теңгеге дейін өскен. Осы орайда 90 күннен асатын проблемалық кредиттердің үлесі небәрі 3,37 пайызды құрайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк капиталдарының жеткіліктілік коэффициенті (19,5 пайыз және 21 пайыз) беріктілік қорын қамтамасыз ете отырып, бекітілген минималды нормативтен айтарлықтай асатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың депозиттері қандай жағдайда өсетіні туралы жазған болатынбыз.