Алматыда дау тудырған 40 қабатты ғимараттың құрылысы тоқтатылды

Алматыда қоғамдық дау тудырған RAMS Beyond 40 қабатты кешенінің құрылыс алаңындағы жұмыстар уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жайлы депутат Бақытжан Базарбек желідегі парақшасында жазба қалдырды.
Бүгін біз Алматыдағы RAMS 40 қабатты ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтаттық! Менің рейдім барысында Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы тиісті нұсқама берді, – деді депутат.
Қала әкімдігі бұл ақпаратты әзірге түсіндірген жоқ.
Айта кетейік, мамыр айының басында құрылыс компаниясы RAMS Beyond мегажобасын таныстырған болатын. Бұл – биіктігі 40 қабат болатын премиум көпфункционалды кешені. Жобаға люкс резиденциялар, қонақүй, бизнес-кеңістіктер мен әлеуметтік аймақтар кіреді. Оның құрылысы Тимирязев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында басталған болатын.