Депутат: Түркістан облысында ауыз су тапшылығы ушығып тұр

0

 Мәжілісі депутаты Темір Қырықбаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Түркістан облысының шекаралық аудандарындағы инфрақұрылым және ауыз су тапшылығы мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, “AMANAT” партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру – өзекті мәселе. 2025 жылы шілде айында халықпен өткен кездесулерде Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарының тұрғындары тарапынан ауыз су мен кәріз жүйесіне қатысты көптеген мәселе көтерілген.

Сауалда ең өзекті мәселе ретінде – Көктерек кентіндегі кәріз жүйесінің тозығы жеткені аталды.

Бұрынғы “Сарыағаш” және “Арман” шипажайларына арналып 1984 жылы салынған кәріз жүйесі бүгінде 60 шипажай мен 1000-нан астам тұрғын үйге қызмет көрсетуде, бірақ толықтай жарамсыз күйге түскен. 2024 жылы 4 қаңтарда жобалық-сметалық құжаттарға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны — 1,95 млрд теңге, соның ішінде 191,6 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінген. Алайда жобаны толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,3 млрд теңге қажет, — деді депутат өз сөзінде.

Қырықбаев бұл мәселенің экологиялық қатер төндіріп отырғанын, атап айтқанда кәріз суларының Келес өзеніне ағу қаупі барын айтты. Бұл өзеннің суын 600 мыңнан астам адам пайдаланып отыр.

Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында 2024 жылы басталған 6 инфрақұрылымдық жобаны аяқтау үшін 2025 жылға республикалық бюджеттен 7,4 млрд теңге қажет. Атап айтқанда: «Көктерек-Қосшы» бұлағынан су тарту (Қазығұрт ауданы) – 1,1 млрд тг, Алғабас, Ақниет елді мекендері (Сарыағаш ауданы) – 179,9 млн тг, Көктерек кенті көшелерін сумен қамту – 1,29 млрд тг, Сарыағаш қаласы, Самал-3 мөлтек ауданы – 3,2 млрд тг, Ақжар ауылдық округі – 1,64 млрд тг.

Депутат Мақтаарал ауданындағы ауыз су мәселесіне де ерекше тоқталды. Ақжол, Арайлы, Игілік, Мырзакент ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2,86 млрд теңге қажет.

Ауыз су тапшылығы – тек халықтың күнделікті өміріне кері әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар “AMANAT” партиясының сайлауалды уәделерінің уақытылы орындалмауына себеп болуы мүмкін, – деп ескертті Қырықбаев.

Ол министрлікті көрсетілген жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін шұғыл түрде қарастыруға шақырды.


ПІКІР ЖАЗУ