Енді салынып жатқан үйден пәтерді тек қолма-қолсыз төлеммен алуға болады

Енді салынып жатқан үйдегі пәтер үшін төлем тек қолма-қолсыз түрде жүзеге асырылады. Заң нормасы күшіне енді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа заңнамалық нормалардың күшіне енуімен, салынып жатқан үйлердегі пәтер үшін құрылыс компанияларына төлем тек банк арқылы қолма-қолсыз жолмен жүргізіледі.
Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков құрылыс компариясы қолма-қол ақша талап еткен жағдайда не істеу керектігін айтты.
Егер құрылысшы қолма-қол төлем жасауды талап етсе, мен ең алдымен “КАЗРЕЕСТР” арқылы сол құрылысшының үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты бар-жоғын тексерер едім. Заң қазірдің өзінде күшіне енді, барлық құрылысшылар соңғы өзгерістерден хабардар, – деді ол.
Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесовтың сөзінше, енді екінші деңгейлі банктер төлемнің мақсатты тағайындалуын тексереді.
Сатып алушы – жеке тұлға ретінде – банкте қолма-қол ақша арқылы немесе өз шотынан құрылысшының шотына аудара алады. Бұл жағдайда банк міндетті түрде “КАЗРЕЕСТР” жүйесінде келісімшарттың бар-жоғын тексереді. Егер жүйеде келісімшарт тіркелген болса, онда құрылысшы үш заңды тәсілдің бірі бойынша жұмыс істейді. Егер жоқ болса, банк операциядан бас тартады, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұрғын үйді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салынатыны туралы жазған едік.