Си Цзиньпиннің Тоқаевқа көрсеткен жоғары дәрежелі құрметі: Қытай тарапынан дипломатиялық сигнал

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары сәтті аяқталды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті Тяньцзиньде жиналған мемлекеттер басшылары басты медиа оқиғаға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы шығыс көршіміз Тяньцзинь және Бейжің қалаларында өткен ШЫҰ саммитіне, сондай-ақ ІІ Дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты. Си Цзиньпиннің Тоқаевқа көрсеткен ерекше құрметі Қытайдың аймаққа бағытталған дипломатиялық сигналдарының біріне айналды.

Қазақстан Қытайдың еуразиялық стратегиясында маңызды орын алады. Си Цзиньпиннің Тоқаевты саммит алдында жеке қабылдауы Қытай протоколында тек аса маңызды серіктестерге арналған белгі ретінде қабылданады. Бейжің осылайша Қазақстанды сенімді әріптес ретінде көрсетіп, аймақтағы басқа ойыншыларға да саяси сигнал беріп отыр. Тоқаевтың шығыстанушы және дипломат ретіндегі тәжірибесі, Қытай мәдениетін терең түсінуі екі тарап арасындағы сенім деңгейін арттырған фактор ретінде көрінеді. Ресми мәлімдемелерде жиі қолданылған «стратегиялық серіктес», «сенім артатын дос» сияқты тіркестер қарым-қатынастың жаңа кезеңге шыққанын көрсетеді. Бұл кездесу Қазақстанның Еуразиядағы рөліне назар аудартты. Қытай үшін Қазақстан аймақтық тұрақтылықтың маңызды кепілі, қауіпсіздік тұрғысынан сенімді алаң және ресурстық-транзиттік әлеуеті жоғары мемлекет болып отыр. Тоқаевтың теңгерімді сыртқы саясаты Қытайдың мүддесімен үйлесіп, ұзақ мерзімді серіктестіктің негізін құрайды, — деді шығыстанушы Жанат Момынқұлов.

Бейжіңдегі ресми парадта Тоқаевтың Си Цзиньпин мен Владимир Путиннің жанында, Ким Чен Ынмен қатар отыруы да дипломатиялық символизмнің айқын мысалы болды.

Тоқаевтың Си Цзиньпин мен Владимир Путиннің жанында, Ким Чен Ынмен қатар отыруы Қытайдың Қазақстанды аймақтағы маңызды ойыншы ретінде қабылдайтынын білдіреді. Бұл қадам Тоқаевтың көпвекторлы саясатына сәйкес келіп, оның түрлі дипломатиялық платформаларда тең дәрежеде әрекет ете алатын саясаткер ретіндегі бейнесін күшейтті. Азия көшбасшыларының қатарында көріну Қазақстанның шағын мемлекет емес, аймақта дербес ұстанымы бар ел екенін айқындайды, — деді ол.

Әлем БАҚ-тары Ресей мен Солтүстік Корея президенттерінің кездесуіне ерекше назар аударды.

Путин мен Ким Чен Ын арасындағы кездесуде де дипломатиялық ым-ишаралардың маңызы ерекше болды. Кимнің Путинді күтіп, иілуі шығыс дипломатиясына тән құрмет белгісі ретінде қабылданады. Путиннің Кимді қатар отыруға шақырып, арада қауіпсіздік арақашықтығын сақтамауы екі тарап арасындағы сенім деңгейін көрсетеді. Бұл қимылдар Мәскеу мен Пхеньян арасындағы стратегиялық жақындасу процесінің көрінісі ретінде қарастырылады. Ким үшін бұл жеке мәртебесінің мойындалуы, ал Ресей үшін халықаралық қолдау аясын кеңейту және Батысқа арналған саяси сигнал болуы мүмкін. Кездесу Пекин, Мәскеу және Пхеньян арасындағы қатынастардың тереңдеп келе жатқанын байқататын дипломатиялық символизмнің мысалына айналды, — деді Жанат Момынқұлов.


ПІКІР ЖАЗУ