Байқоңырдағы «Бәйтерек» кешенінде ұшыру саны үш есеге артады

Сенат «2004 жылғы 22 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжаттағы басты өзгерістердің қатарында Ресей тарапынан кепілдендірілген ұшыруды 2028-2039 жылдар кезеңінде жыл сайын 2-ден 3-ке дейін ұлғайту бар. Бұл кешеннің жүктемесін арттырады және жобаның экономикалық тиімділігін жақсартады.
«Бәйтерек» акционерлік қоғамына корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер мерзімі 2028 жылдан жаңа кешен пайдалануға берілгеннен кейін 15 жылға дейін ұзартылып отыр. Аталған салықтық преференциялар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде қарастырылмағанымен, бюджетке қосымша жүктеме түсірмей, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында ұсынылып отыр. Қаржыландыру республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырма аясында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Қазақстан өз міндеттемелерін толық көлемде орындауда. Техникалық және ұшыру кешендері жаңартылуда. Оқу-жаттығу құралдары әзірленіп жатыр. Құлау аймақтары айқындалған, — деп атап өтті сенатор Бибігүл Жексенбай.
Айтуынша, аталған хаттама мемлекеттік жобаны іске асыру мерзімдерін нақтылап, бірқатар салықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді реттеуге бағытталған.
Хаттамада мынадай негізгі өзгерістер көзделген:
- ұшу сынақтарының басталу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға ауыстырылады;
- 2028-2039 жылдар аралығында жылына екі рет емес, үш рет кепілдендірілген ұшу жүргізу жоспарланған;
- бейрезиденттер үшін қосылған құн салығына нөлдік мөлшерлеме енгізіледі;
- Жобаны жалпы құны – 90,8 млрд теңге, оның ішінде 2025 жылға 60,8 млрд теңгесі көзделген.
Ресей тарапы «Союз-5» зымыран тасығышын және оның техникалық жабдықтарын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зауыттық сынақтар қазақстандық мамандардың қатысуымен жүзеге асырылды. Алғашқы ұшыру 2025 жылғы желтоқсан айына жоспарланған, — деді Бибігүл Жексенбай.
«Союз-5» зымыран тасығышының артықшылықтары:
- экологиялық тұрғыдан қауіпсіз;
- керосин мен оттегі отынын қолданады.
«Союз-5» қазіргі таңда пайдаланып жүрген «Протон-М-ның» орнын басады. «Бәйтерек» жобасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі Байқоңырдағы алғашқы және жалғыз толыққанды бірлескен бастама болып табылады. Бұл жоба ғарыш айлағы инфрақұрылымын сақтап қалу, отандық кадрлық әлеуетті арттыруға, ғарыш саласының толық циклын, аппараттар жасау мен оларды ұшыруды өзімізде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, елімізде қазіргі уақытта бес ғарыш аппараты пайдаланылуда. Тағы бес аппарат жасалып жатыр. Оның екеуі экспорттық келісімдер аясында шетелге арналған. Бұл отандық өндірісті дамытудың және коммерциялық ғарыш саласын қалыптастырудың нақты көрсеткіші.
«Бәйтерек» кешенін уақытылы іске қосу Қазақстан үшін ғарыштық аппараттарды құрастыру мен ұшыруды қамтитын тиімді коммерциялық жүйе құруға жол ашады. Заң жұмыс тобында, комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды. Сенаттың тұрақты комитеттерінен оң қорытынды алынды. Құжатты қабылдау мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді, — деді депутат.
Еске салсақ, Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені құрылысының қарқынын тексерген болатын. Белгілі болғандай, «Бәйтерек» зымыран кешені жыл соңында іске қосылады.