Стоматология арқылы зейнетақы қаражатын шығарғандар жазалана ма?

ҚР Қаржы мониторингі агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» (БЖЗҚ) заңсыз ақша шығару схемасына қатысы бар 5 қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Олар жалған құжаттар рәсімдеу арқылы азаматтарға зейнетақы жинақтарын шешуге көмектескен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Схеманы ұйымдастырушылар Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және елдің басқа өңірлерінде орналасқан деп көрсетілген 30-дан астам стоматологиялық клиниканы пайдаланған.
Шын мәнінде бұл медициналық ұйымдар тек қағаз жүзінде ғана болған, азаматтарға ешқандай қызмет көрсетпеген.
Олардың ғимараттары, жабдықтары және білікті қызметкерлері болмаған.
Стоматологиялық клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де болмаған. Жалған медициналық құжаттарды рәсімдеу үшін күдіктілер шешілген зейнетақы жинақтарының 10%-нан 20%-на дейін заңсыз сыйақы алған. Ақшаны қолма-қол жасау үшін олар 226 “дропперді” (ақша аудару үшін пайдаланылатын тұлғалар) қолданған, – делінген хабарламада.
Олар жалпы 200 миллиард теңгеден астам қаржыны иемденген.
Кейін күдіктілер БЖЗҚ салымшыларының ақшасына құны 600 миллион теңгеден асатын 15 элиталық автокөлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X-7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade), брендтік зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер және жер телімдерін сатып алған.
Қазіргі таңда қылмыстық жолмен табылған мүлікті іздеу жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі күнге дейін 59 тінту жүргізілді. 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қаралуда.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу барысында тек зейнетақы активтерін заңсыз шығару схемаларын ұйымдастырушылардың әрекетіне ғана құқықтық баға берілетінін хабарлады. Ал өз зейнетақы жинақтарын алған азаматтар қылмыстық қудалау шеңберіне кірмейді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, басқа ақпарат жариялауға жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинағын тіс емдету үшін пайдалану тоқтатылатынын хабарлаған едік.