Шудағы медициналық шу: Дәрігерлер қателігінен әйел үш күрделі операцияға түсті

Шудағы ауруханада жасалған жоспарлы операциядан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, үш күрделі ота жасалды. Ол сотқа жүгініп, медиация нәтижесінде хирург пен аурухана өтемақы төлеуге келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың қаңтарында әйелге өт қабын алып тастау операциясы жасалды. Алайда арада бір тәулік өтпей жатып оның жағдайы күрт нашарлаған. Қатты ауырсыну, қызба және әлсіздікке шағымданғанына қарамастан, дәрігерлер мәселені аса қауіпті деп санамаған: тексеріс нәтижесінде патология анықталмап, емдеу ауырсынуды басатын дәрілермен шектелген.
Пациенттің туыстары оны Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханаға ауыстыруға қол жеткізген. Онда УДЗ кезінде іш қуысынан 1,5 литрден астам жиналған өт сұйықтығы табылып, әйелге шұғыл ота жасалған. Жағдай өте ауыр болғандықтан, туыстары өлім қаупі бар екенін ескеріп, келісім берген.
Кейін, мамыр айында, Алматыда оған үшінші – ең күрделі операция жасалды. Әйелдің айтуынша, бірнеше ай бойы ол ауыр шектеулерге тап болған: еркін қозғала алмады, жатып та, отырып та ауырсынусыз болмаған.
Ол сотқа жүгініп, аурухананы, хирург пен емдеуші дәрігерді салғырттыққа, қате диагнозға және дер кезінде әрекет етпеуге айыптады. Талап арызда хирург кінәсін ішінара мойындап, 1 млн теңге төлегені, палата мен дәрі-дәрмек шығынын өтегені, сондай-ақ үшінші операцияға дайындық шығындарының бір бөлігін жапқаны көрсетілген. Дегенмен зардап шеккен әйел шығын әлдеқайда көп екенін алға тартты.
Сот барысында тараптар дауды медиация арқылы шешуге келісті. Келісім бойынша хирург жәбірленушіге тағы 400 мың теңге төлейді, ал аурухана 2 млн теңге өтемақы береді. Сот келісімді бекітіп, істі тоқтатты. Шешім заңды күшіне енді.