ЕАЭО фермерлері 5 есе көп қолдау алады: Қазақстанда сүт өндірісі құлдырау алдында

2025 жылғы Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің ең өзекті мәселелерінің бірін ашық атады: қазақстандық кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестеріне қарағанда мемлекеттен әлдеқайда аз қолдау алып отыр. Әсіресе, бұл сүт саласында қатты сезіледі. Өйткені қазақстандық фермерлер өз нарығында да тең емес жағдайда бәсекеге түсуге мәжбүр. Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді.
Қолдау бар, бірақ “қасық асқа жарамаса…”
“Агрофирма Родина” ЖШС директоры Иван Саурдің айтуынша, соңғы жылдары сүтті мал шаруашылығын қолдау бағдарламасы айтарлықтай нәтиже берді. Егер алғашқы кешендерді нан өндірісінен түскен қаржы есебінен салуға тура келсе, бүгінде жобалар өзін-өзі ақтайтын деңгейге жеткен. Алайда жүйенің басты кемшілігі – субсидиялардың созбалаңға салынып, уақытылы төленбеуі.
Субсидиялар өте кеш келеді. Өткен жылдың қарызы да бар. Кәсіпкер осындай жобаны жоспарлағанда, ол міндетті түрде орындалады деп сенеді. Айтқандай, қасық асқа жарамаса, ас қадірсіз, – дейді Иван Саур.
Оның сөзінше, субсидиялау ережелері технологиялардың даму қарқынына ілесе алмай отыр. Заманауи техника мен жем-шөп қымбат, бірақ қолдау нормалары әлі де он жыл бұрынғы деңгейде қалған.
Бәрі өзгереді. Ережелерді жазғанда біз тек көрмелерде өздігінен жүретін жем таратқыштарды көріп, таңғалатынбыз. Қазір ол – күнделікті өміріміздің бір бөлігі, ешкімді таңқалдырмайды. Бірақ мұндай қымбат, бірақ ақталған шығындарға субсидиялау ережесі бойынша мардымсыз қаражат қарастырылған. Ал қазір жаңа технологиялар – ұнтақтағыш, жем-шөп ұсақтағыштар қолжетімді. Бірақ оларға да ақша кеш әрі аз бөлінеді, – дейді Саур.
Сонымен қатар Қазақстанда асыл тұқымды малға қатысты да әділетсіздік бар: отандық малға берілетін субсидия көлемі импорттық малдан екі есе аз. Сауырдың айтуынша, жергілікті асыл тұқымды малды сатып алуға 200 мың теңге бөлінсе, импортқа – 400 мың теңге бөлінеді.
Импортқа кезек тұрғанын көрмедім. Ол жақта үнемі түрлі тыйым, карантин болады. Ал бізде асыл тұқымды малға сұраныс кезекпен бір жарым жылға дейін жетеді. Әлі туылмаған малға да кезек жазылып қойған. Бұл – дискриминация. Өзіміздің малды ілгерілету керек. Кей жерде алға сүйреп жатырмыз, ал кей жерде керісінше тоқтап тұрмыз, – дейді ол.
Өңірлік теңсіздік
Тағы бір жүйелі мәселе – елдің барлық өңіріне бірдей ережелер қолданылуы.
Қазақстан үлкен ел. Бір ғана Ақмола облысының ішінде топырағы да, өнімділігі де әртүрлі. Бірақ бағдарламалар бүкіл елді бір нүкте деп есептеп жасалады. Президенттің дифференциацияланған тәсіл керек деуі бекер емес, – дейді Саур.
Фермердің айтуынша, ЕАЭО бәсекелестері тек қаржылай емес, маркетинг пен ішкі қолдау арқылы да ұтады. Мысалы, Беларусьта супермаркет сөрелерінің бәрі ұлттық брендке бағытталған. Ал Қазақстанда дүкендерге тауардың қайдан келгені бәрібір.
Маркетингтің өзі отандық өндірушіні мықтап қолдай алады. Біз жақсы білеміз: табиғи сүтті шетелден ешкім алып келмейді. Олар әкелетіні – табиғи емес сүт. Бірақ соны сатады. Себебі жарнама, әдемі қаптама бар. Ең бастысы – біздің сауда желілерінде отаншылдық жоқ. Беларусьта дүкенге барсаң, витрина түгел белорус жалауының түсінде, өнім соның фонында. Өтіп кете алмайсың. Бізде мұндай басымдық та, патриотизм де жоқ, – дейді ол.
Барлығы ақшаға тірелмейді
Иван Саур бір кездері сала техникалық регламент қабылдатуға көп күш жұмсағанын, бірақ бүгінде оның орындалуын ешкім бақыламайтынын еске салды.
Бір кездері сол техникалық регламентті қабылдату үшін талай күш жұмсадық. Ал қазір оны орындауды ешкім қадағаламайды. Көптеген өндірушілер заңсыздықты пайдаланып, барын жоқ деп көрсетеді. Импорттық тауар жайлы айтпай-ақ қояйын, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл үшін ірі қаржы қажет емес, тек ережені орындауды қадағалау жеткілікті.
Қаптамада ақ түсті қоспа болса, солай деп жазылуы керек. Ал бізде “табиғи сүт” деп жазады. Бұл дұрыс емес. Қолдау тек қаржылай болмауы тиіс. Кей жерде заңды сақтау керек, кей жерде тәртіпті күшейту қажет, – деді Саур.
Ресейден бес есе аз субсидия
“QazaqSut” Республикалық палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев та бұл саланың созылмалы түрде қаржыландырылмай отырғанын айтты. Тіпті ең ашық қолдау түрі – сүтке берілетін субсидия да фермерлерге толық жетпейді. Кейбір өңірлерде төлем 2024 жылдың көктемінен бері жасалмаған.
Себебі – облыс бюджетінде қаражаттың жетіспеуі.
Субсидияны министрлік белгілейді, бірақ оны акиматтар бөледі. Ал акиматтар жеткілікті қаржы бөлмейді, – дейді Сағынбаев.
Инвестициялық субсидия да күрделі жағдайда. Ережеге сәйкес фермер бір орынға шартты 2,9 млн теңгенің 25%-ын алуы керек. Бірақ бұл сома ескірген: қазір бір орынның шынайы құны 5 млн теңгеден асады. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау 25%-ды емес, тек 10-12%-ды ғана жабады.
ЕАЭО елдерінде механизм басқа – нақты шығыннан есептеледі. Ресейде фермерлер 50-60%-ға дейін өтемақы алады. Демек, біздің фермер әріптесіне қарағанда бес есе аз қолдау алады. Ал Татарстан сүт өндіруде көшбасшы. Біз де өзімізді толық қамтимыз десек, ЕАЭО-дағы кейбір өңірлер деңгейіндегі қолдау болуы тиіс, – дейді сарапшы.
Жабық кешендер мен мал тапшылығы
Қазір Қазақстандағы кейбір сүт кешендері мал жеткізілмегендіктен тоқтап тұр. Ресей транзитті жапқан, ал әуе арқылы әкелу қосымша субсидиясыз тиімсіз.
Біз малды Ресей Федерациясын айналып тікелей жеткізу үшін импортқа қолдауды көбейтуді ұсындық. Бірақ әзірге шешім жоқ, – дейді Сағынбаев.
Жағдайды не өзгерте алады?
Президент Жолдауы бұл мәселеге саяси салмақ берді. Енді Үкімет пен Мәжілістен нақты қадам күтіліп отыр: субсидиялау нормативтерін қайта қараудан бастап, дифференциацияланған тәсілді енгізу және отандық нарықты әділетсіз импорттан қорғауға дейін.
Мемлекет басшысы жайдан-жай ештеңе айтпайды. Жолдауда сүтті атап өтсе, демек мәселе өте өткір, – дейді Иван Саур.
Оның сөзін Қазақстан сүт өндірушілер одағының төрағасы Азамат Сағынбаев та растайды.
Қазір қосымша қаржы бөлу үшін резерв табылады деп үміттенеміз. Сала қазір шегіне жеткен: кәсіпорындардың қарызы 300 млрд теңгеден асты. Бұл қарыз жабылмаса, жағдай одан әрі нашарлайды, – деді Сағынбаев.
Сүтті мал шаруашылығы қазір шешуші сәтте тұр: саяси мәлімдемелер нақты шешімге айналуы тиіс. Егер мемлекет тек декларациямен шектелсе, импорт отандық өнімді ығыстыра береді, ал фермерлердің үміті тағы да қолдаусыз қалады.