Қазақстан мен Малайзия халал индустриясында әріптестікті кеңейтеді

Қазақстан алғаш рет Куала-Лумпурда өткен Malaysia International Halal Showcase (MIHAS-2025) көрмесіне қатысып, ұлттық павильонда 20 отандық компанияның өнімін ұсынды. Бұл – елдің халал индустриядағы экспорттық әлеуетін және жаһандық нарыққа шығуға ұмтылысын көрсететін маңызды қадам, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сапар аясында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Малайзияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі министрі Мохамад Сабумен келіссөздер жүргізді. Тараптар агроөнеркәсіп, азық-түлік қауіпсіздігі, жаңа нарықтарға шығу және инвестициялық жобалар салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Малайзияға экспорттауға дайын екенін жеткізіп, JAKIM ұйымының қазақстандық халал стандарттарын мойындауының маңыздылығын атап өтті.
Кездесуде сонымен қатар санитарлық және ветеринарлық келісімдер, қайта өңдеу саласындағы бірлескен инвестициялар және көлік-логистика дәліздерін дамыту мәселелері қозғалды. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі де қаралды.
Сол күні Шаққалиев Малайзияның Ұлттық сауда және өнеркәсіп палатасы (NCCIM) өкілдерімен кездесіп, сауда айналымын ұлғайту, цифрландыру, жасыл энергетика, химия және тамақ өнеркәсібі бойынша әріптестік перспективаларын талқылады. Қазақстан тарапы Малайзияны Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығудың стратегиялық хабы ретінде қарастырып, малайзиялық бизнеске ЕАЭО елдеріндегі жобаларға қатысуды ұсынды.
Тараптар Қазақстан – Малайзия іскерлік кеңесінің жұмысын қайта жандандырып, оның келесі отырысын 2026 жылы Астанада өткізуге уағдаласты.