Сиыр еті неге қымбаттап жатыр?

Көпшілік сиыр еті бағасының қымбаттауын «бағаның өсуі» деп қабылдайды. Бірақ іс жүзінде бұл – әділ бағаның орнауы, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы «Ет индустриясы» компаниялар тобының өкілі Қайыржан Наурызғалиев мәлімдеді.
Ұзақ уақыт бойы саладағы баға мемлекеттік реттеу арқылы жасанды түрде ұсталып келді. Қазір нарық біртіндеп шығынды жабуға, өндірісті дамытуға мүмкіндік беретін экономикалық негізделген деңгейге оралуда.
Көбінесе «қымбаттады» деп айтылғанымен, тіпті осындай баға көтерілген жағдайда да Қазақстандағы сиыр еті құны әлем бойынша ең төмен деңгейде қалып отыр. Бірақ дұрыс салыстыру үшін басқа елдермен емес, өзімізбен – мысалы, 2015 жылмен шендестіру қажет. Сол кезде тірі малдың 1 кг салмағы 750–800 теңге болса, бұл жартылай ұшаларда 1500–1600 теңгеге тең еді.
Маманның айтуынша, доллар бағамы шамамен 180 теңге болған тұста бұл 8–9 АҚШ долларын құрады. Егер сол 8–9 долларды бүгінгі бағаммен есептесек, 1 кг жартылай ұшаның құны 4300–4800 теңге болар еді. Ал қазір фермерлерден немесе ет комбинаттарынан шығатын көтерме баға бұл деңгейге әлі жеткен жоқ.
Бағаның қымбаттауына шағымданатындар көбіне қала тұрғындары. Ал ауылдықтар үшін жағдай мүлдем басқа. Батыс Қазақстан облысында халықтың 43%-ы ауылдарда тұрады, олардың жеке табысының жалғыз көзі – мал шаруашылығы, соның ішінде ет өндірісі.
Сондықтан олар үшін бағаның көтерілуі – қуанышты жағдай. Бұл әділ баға оларға еңбегінің өтеуін сезінуге мүмкіндік берді. Әйтпесе, мал басы қысқара берсе, баға бұдан да қатты өсіп, оны ешқандай тыйымдар немесе шектеулер тоқтата алмас еді.
Өндірістік цикл – 30 ай
Батыс Қазақстан облысы – еліміздегі кәсіби фермерлер саны мен малдың тұқымдық жаңару қарқыны бойынша көшбасшы. Мұнда сапалы сиыр етін өндірудің толық циклі орта есеппен 28–30 айға созылады:
- қашыру кезеңі – 3 ай
- буаздық мерзімі – 9 ай
- жайылымдық (емізулі бұзау) кезең – 7 ай
- бордақылау – 8–10 ай
- тасымалдау, өңдеу және сату – 1 ай
Бұл – ең оңтайлы мерзім. Ал кез келген кідіріс шығынды арттырады. Мәселен, салмақтың баяу қосылуы бордақылау уақытын ұзартса, бұл бірден өзіндік құнға әсер етеді.
Фермерлер үшін ең ауыр әрі жауапты кезең – бұзау алу. Бұл 19 ай бойы тынымсыз еңбек: қысқы суықта да, жазғы ыстықта да малдың қасында жүру. Мұндай жұмыс тәжірибені, тәртіпті және орасан зор физикалық күшті талап етеді. Сондықтан мұндай еңбектің әділ бағалануы заңды.
Егер фермер өз еңбегінің қаржылай қайтарымын көрмесе, мал шаруашылығын жалғастыруға деген қызығушылық жойылады. Көптеген шаруашылықтарда дәл осылай болды: аналық мал басын қысқартты, ал кейбірі мүлде ет өндірісінен кетті.
Құрал-жабдық құны қымбаттады
2015 жылы шаруашылықтардың басты техникасы саналатын «Беларусь» тракторы 3 млн теңге шамасында тұрды. 2024 жылы біз жаңа бордақылау алаңын іске қосқан кезде, оның құны 9,6 млн теңгеге жетті. Ал қазір бағасы 10,5 млн теңгеден басталады.
Бұл – соңғы жылдардағы ауыл шаруашылығына қажетті техника мен капиталдық шығындардың қаншалықты артқанын көрсететін айқын мысал.
Мал бордақылау кезеңіне келсек, біздің бизнес-моделіміз былай құрылады: фермерлер бұзауларды аналықтарынан айырып, бордақылауға тапсырады. Әдетте салмағы 200 кг болатын бұзауды 450 кг-ға жеткізу үшін шамамен 250 күн қажет, — дейді Қайыржан Наурызғалиев.
Осы уақыт аралығында әр мал орта есеппен 2 тонна арпа жейді. Қазір арпаның 1 тоннасы 90 мың теңге тұрса, 2015 жылы ол бар болғаны 20 мың теңге еді. Бұл – жем-шөп шығынының қаншалықты артқанын көрсететін тағы бір мысал.
Әділ баға – болашақтың негізі
Әлемдік нарықта сиыр етінің алуан түрі бар. Үндістанда буйвол еті, Беларусьте – сүтті бағыттағы сиырлардың етінен алынған өнім, Ресейде – қарапайым еттен бастап «Мираторг» стейктеріне дейінгі өнімдер. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі мен шығын есебі бар.
Қазақстандағы жағдай өзгеше: біз үшін сиыр еті – негізгі өндіріс көзі. Сондықтан қазіргі баға – жай ғана дүкен сөресіндегі сандар емес, бүкіл саланың дамуы мен ауылдардың тіршілігін сақтап қалудың негізгі шарты.
Әділ баға – ауылдың өміршеңдігі мен мал шаруашылығының тұрақтылығының кепілі. Ол фермерлерге, бордақылау алаңдарына, ет комбинаттарына, логистика мен қайта өңдеу саласына адал табыс табуға және жаңа технологияға инвестиция салуға мүмкіндік береді, — дейді Қайыржан Наурызғалиев.
Қателесу мүмкін, бірақ сол қателікті қайталауға болмайды. Егер бір топтың мүддесі екіншісінің есебінен шектелсе, ондай жүйе ұзаққа бармайды.
Болашаққа көзқарас айқын: тек жайылымнан бастап сөреге дейінгі жолдың әрбір кезеңі қатысушыларға лайықты табыс әкелгенде ғана қазақстандық ет өндірісі тұрақты дамып, ауылдастарды ұстап қалады және тұтынушыларды сапалы өніммен қамтамасыз етеді.
Беларусь қайтадан бағаны көтерді. Сүтті бағыттағы бұқалардың жартылай ұшасы жақында ғана 4,2 доллар тұрса, қазір 5,3 доллар (+26% қысқа уақыт ішінде). Қазақстанға жеткізу құнымен қоса есептегенде, өзіндік құны 6,1 долларға жетеді.