10 мыңнан 30 мың теңгеге дейін: Зейнеткерлерге қандай қолдау көрсетіледі?

0

1 қазан – Қарттар күні. Бұл күн – аға буынға құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы рөлін, өмірлік тәжірибесін бағалайтын ерекше күн. Қарттар күні – тек мереке ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын еске салып, үлкендердің ақыл-кеңесі мен өнегесінің қадірін түсінуге шақыратын маңызды сәт. BAQ.KZ тілшісі өңірлерде Қарттар күніне орай зейнеткерлерге қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін зерделеп көрді.

Редакциямыздың сауалына әр өңір әкімдігінің берген ресми жауабы төмендегідей.

Астана

Елордада 100 мыңнан астам зейнеткерге біржолғы төлем беріледі. Қала мәслихаты бекіткен ережеге сәйкес, 1 қазан күні зейнеткерлерге және ең төмен зейнетақы алушыларға 2,5 АЕК көлемінде ақшалай көмек қарастырылған.

Алматы

Алматыда зейнеткерлер саны – 258 897 адам. Биыл әлеуметтік көмекпен 12 мыңнан астам қарт қамтылды. Дегенмен Қарттар күніне арнайы біржолғы төлем көзделмеген.

Шымкент

Шымкентте 70 жастан асқан 35 973 зейнеткерге 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.

Жетісу облысы

Өңірде 95 558 зейнеткер бар. Қарттар күніне орай бюджеттен арнайы төлем қарастырылмаған. Бірақ жастар мен еріктілердің қатысуымен 2500-ге жуық жалғызбасты қарттарға азық-түлік пен тұрмыстық қолдау көрсетіледі.

Қызылорда облысы

Аймақта 88,5 мың зейнеткер тұрады. Біржолғы төлемдер қарастырылмағанымен, әлеуметтік қорғау шаралары жалғасуда.

Ұлытау облысы

Мұнда 70 жастан асқан 11 686 зейнеткерге 20 000 теңге көлемінде біржолғы көмек төленеді. Сонымен қатар, Жезқазғанда қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігі бар.

Қостанай облысы

Зейнеткерлер саны – 150 840 адам. Арнайы төлем жоқ. Дегенмен 52 мыңнан астам қартқа азық-түлік пен сыйлық үлестіріледі.

Атырау облысы

Аймақта 71 956 зейнеткер бар. Мүгедектігі бар зейнеткерлерге 7,5 АЕК (29 490 теңге) төленеді. Сондай-ақ “Теңізшевройлдың” қолдауымен 300 қария сауықтыру шипажайына жіберілген.

Абай облысы

Зейнеткерлер саны – 100 277 адам. Біржолғы әлеуметтік көмек көзделмеген.

Ақтөбе облысы

Мұнда 107 916 зейнеткер бар. Қарттар күніне орай әр ауданда мәдени-әлеуметтік іс-шаралар өткізіледі.

Жамбыл облысы

Аймақта 142 529 зейнеткер бар. Бюджеттен арнайы төлем қарастырылмағанымен, мәдени шаралар, мерекелік жиындар ұйымдастырылады.

Қарағанды облысы

Зейнеткерлер саны – 185 903 адам. Биыл әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 1 млрд 6,49 млн теңгені құрап, өңірдің 51 648 қарт азаматын қамтиды.

Атап айтқанда:

  • Қарағанды қаласы – 75 жастан асқан 23 347 зейнеткер, әрқайсысына 20 000 теңгеден;
  • Балқаш қаласы – 70 жастан асқан 4 977 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Приозерск қаласы – 75 жастан асқан 150 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Саран қаласы – 75 жастан асқан 1 791 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Теміртау қаласы – 75 жастан асқан 8 000 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Шахтинск қаласы – 75 жастан асқан 2 647 зейнеткер, 10 000 теңгеден;
  • Абай ауданы – 75 жастан асқан 2 497 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Ақтоғай ауданы – 70 жастан асқан 884 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Бұқар жырау ауданы – 75 жастан асқан 1 520 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Қарқаралы ауданы – 75 жастан асқан 1 183 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Нұра ауданы – 70 жастан асқан 1 241 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Осакаров ауданы – 70 жастан асқан 2 169 зейнеткер, 20 000 теңгеден;
  • Шет ауданы – 75 жастан асқан 1 242 зейнеткер, 20 000 теңгеден.

Маңғыстау облысы

70 жастан асқан 24 300 зейнеткерге 15 000 теңге мөлшерінде біржолғы төлем беріледі.

Батыс Қазақстан облысы

Мұнда 101 094 зейнеткер тұрады. Олардың ішінде 7 ҰОС ардагері бар. Бюджет есебінен атаулы төлемдер мен коммуналдық шығындарды өтеуге арналған көмектер көзделген.

Алматы облысы

Қарттар күніне орай кешенді жоспар бекітілген. Оның ішінде: қарттарды құттықтау, мәдени іс-шаралар, жастарға өнеге беру жұмыстары, жалғызілікті қарттарды анықтау және әлеуметтік қызмет көрсету шаралары бар.

Павлодар облысы

Аймақта ең төменгі зейнетақы алатын 20 мыңнан астам зейнеткерге 2–3 АЕК көлемінде төлем беріледі.

Ақмола облысы

34 226 зейнеткерге 2–5 АЕК (7 864–19 660 теңге) көлемінде біржолғы көмек төленеді. Жалпы сома 396 млн теңгеден асады.

Солтүстік Қазақстан облысы

Аймақтағы қарттарға биыл жалпы 96,1 млн теңге әлеуметтік көмек жоспарланған. Бұл қаржылай қолдау 20 449 қарияға коммуналдық қызметтерді төлеу, тіс протездеу қызметтерін төлеу, санаторлық-курорттық емдеуге беріледі.

1 қазанда Петропавл қаласында зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Түркістан облысы

Зейнеткерлер саны – 203 207 адам. Жалғызілікті 391 қарияға 5 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Сонымен бірге демеушілер есебінен азық-түлік пен тұрмыстық қолдау ұйымдастырылады.

Шығыс Қазақстан облысы

Аймақта 134 162 зейнеткер тұрады. Жылына бір рет 8 наурыз және 9 мамыр қарсаңында ақшалай әлеуметтік төлемдер беріледі.

Қазақстан өңірлерінде Қарттар күніне орай әлеуметтік қолдау әртүрлі деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Кейбір аймақтарда қарттарға ақшалай көмек төленсе, енді бірінде қайырымдылық акциялары мен тұрмыстық көмек түрлері көрсетіледі. Жалпы алғанда, бұл бастамалар – қоғамның аға буынға деген құрметінің көрінісі.


ПІКІР ЖАЗУ