Болашақ CryptoCity қандай болады?

0

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge-2025 форумында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі және цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Бинур Жаленов болашақ Алатау криптоқаласының тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында атап өткен ұлттық жобаның бір бөлігі болмақ. Алатау заманауи технологиялар сыналатын және ерекше реттеу ережелері қолданылатын прогрессивті қала ретінде қарастырылып отыр.

Криптоқала – бұл Алатау қаласының кең ауқымды тұжырымдамасының бір бөлігі. Біздің ұлттық жобамыз – тек крипто үшін емес, көптеген жаңа технологиялар үшін реттеу орталығы болатын прогрессивті қала салу. Мұнда дрондарды, жасанды интеллектпен басқарылатын пилотсыз көліктерді қолдану, жаңа құрылыс стандарттарын енгізу жоспарлануда. Бұл – шетелдік инвесторлар үшін аса тартымды орта болады, – деді Жаленов.

Алатауда криптовалюта операциялары үшін халықаралық FATF талаптарына сәйкес келетін либералды ережелер енгізілмек. Мұндай жағдайлар шетелдік инвесторларды тартуға жол ашпақ. Тіпті, қалада жылжымайтын мүлікті криптовалюта арқылы сатып алу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Алатауда ғимарат салғанда, сіз бөлшек инвесторларды тартып, жылжымайтын мүлікті криптовалютамен сатуға мүмкіндік аласыз. Мұндай тәжірибе бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерінде қолданылады, біз де осы үлгіні енгізгіміз келеді, – деп атап өтті ол.


ПІКІР ЖАЗУ