ЖИ – теміржолда: цифрландыру Қазақстанның теміржол жүйесін қалай өзгертуде

0

 Қыс мезгілінде Қазақстанның солтүстігінде ауа температурасы -40°C-қа дейін төмендесе, жазда рельстер аптап ыстықта қызып кетеді. Мұндай жағдайда теміржол техникасы ондаған жыл бойы мүлтіксіз жұмыс істеуі қажет, себебі бір ғана ақау тұтас бағыттағы қозғалысты тоқтатып қоюы мүмкін. 

Осындай жүктемеге төтеп беру және тасымал тиімділігін арттыру үшін сала соңғы жылдары цифрлық шешімдерге жүгінуде. Жасанды интеллект (ЖИ) енді қауіпсіздік, басқару және тиімділікті арттырудың негізгі тетігіне айналып келеді.

Осы өзгерістер мен жаңа технологиялардың әсері туралы BAQ.KZ тілшісіне Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе айтып берді.

 Цифрлық қауіпсіздік – басты назарда

Теміржол саласында кез келген қателіктің бағасы өте қымбат: бұл тек құрал-жабдық құны ғана емес, ең алдымен адамдардың өмірі. Сондықтан инженерлер апаттың алдын алу үшін болжамдық (предиктивті) технологияларды кеңінен енгізіп жатыр.

Біз алдын ала ақауларды болжауға және оларды апатқа жеткізбей жоюға мүмкіндік беретін технологияларды қолданамыз. Бұл тәсіл қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Сонымен қатар жабдықтың сенімділігін барынша арттыру үшін жаңа техникалық шешімдер де сыналуда, – деді Жером Бойе.

 Адам факторы – бақылауда

Теміржол машинистері ондаған сағат бойы жолда болады. Бір сәттік назардың жоғалуы ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан жасанды интеллект адамның жұмысын алмастыру үшін емес, керісінше қолдау және қауіп-қатерді азайту үшін пайдаланылады.

Қазір машинистердің шаршауын, ұйықтап кетуін немесе назардың бөлінуін анықтайтын жүйелер енгізіліп жатыр. Сонымен қатар ЖИ пойыз қозғалысын болжауға және оңтайландыруға көмектеседі. Бұл тасымалдың бірқалыпты жүруіне әрі әр шақырымның өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ол.

 Адам мен машинаның жаңа рөлі

Цифрландыру еңбек құрылымын да өзгертуде. Алгоритмдер кейбір функцияларды өз мойнына алғанымен, мамандардың орнын баспайды. Керісінше, жаңа технологиялар біліктілікке қойылатын талапты арттырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашады.

Әрбір жаңа технологиялық буын кей мамандарды алмастырады, бірақ сонымен қатар жаңа міндеттер мен жұмыс орындарын туындатады. Қазір жасанды интеллект үлкен деректерді талдауға және шешім қабылдауға көмектеседі. Дегенмен роботтар әлі адам сияқты икемді және жылдам бейімделе алмайды, – деді спикер.

 Қазақстандағы жағдай

Alstom компаниясы үшін Қазақстан – аймақтағы негізгі нарықтардың бірі. Мұнда өндіріс пен сервистік қызмет қатар дамуда. Компания ел бойынша өндірістік алаңдар мен сервистік орталықтардың желісін құрған, бұл экстремалды климат жағдайында да техниканы уақтылы жаңартып, қызмет көрсетуді жеңілдетеді.

Қазір елде 1300 қызметкер жұмыс істейді: олардың жартысы өндіріс саласында, қалғаны – сервистік қызметте. Қазақстанда 400-ден астам локомотив жиналып, 40-қа жуығы Әзербайжанда пайдаланылуда. Барлық жабдық жергілікті климатқа бейімделген, ал сервистік шешімдер ел ішінде жасалып, тұтынушылардың сұранысына жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

 Болашаққа бағыт

Жасанды интеллект бүгіннің өзінде нақты нәтижесін көрсетіп отыр: ол ақауларды алдын ала болжайды, пойыз қозғалысын оңтайландырады және мамандардың жүктемесін азайтады.

Алайда цифрлық трансформацияның түпкі мақсаты тек автоматтандыру емес.

Ең бастысы – технология мен адам тәжірибесін біріктіріп, теміржол жүйесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру.


ПІКІР ЖАЗУ