Қай қаланың тұрғындары тіс емдеуге қаржыны көп жұмсайды?

0

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде көрсетілген стоматологиялық қызметтердің көлемі 63,7 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,5%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom-ға сілтеме жасап.

Стоматологиялық қызметтердің негізгі бөлігін азаматтар өз қаражатынан төлейді.

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында халық есебінен 54,2 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 41,4 млрд теңге болған – өсім 30,8%.

Сонымен қатар кәсіпорындар төлеген қызмет көлемі 30,4%-ға азайып, 2,2 млрд теңгені құраған. Бюджет есебінен төленген қызметтер 63,9%-ға төмендеп, 1,5 млрд теңгеге жетті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы көрсетілген қызметтер көлемі 5,8 млрд теңге болды.

Аймақтар бойынша, ең көп стоматологиялық қызмет Астанаға тиесілі – 16,1 млрд теңге (былтыр – 11,8 млрд теңге, өсім – 36,1%).

Екінші орында – Алматы (16 млрд теңге), үшінші орында – Батыс Қазақстан облысы (2,8 млрд теңге).

Көшбасшы өңірлер бестігіне сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары кірді. Әрқайсысында 2,7 млрд теңгеден қызмет көрсетілген.

Стоматологиялық қызметке ең аз қаражат жұмсалған өңірлер – Ұлытау облысы (100,6 млн теңге), Жетісу облысы (684 млн теңге) және Қызылорда облысы (680,3 млн теңге).

Еске салайық, бұған дейін стоматология арқылы  46 млрд теңге зейнетақы қаражатын заңсыз шығарғандарға іздеу жарияланған болатын. 


ПІКІР ЖАЗУ