Қазақстанға қандай көлік кіргізуге тыйым салынады? Министрлік түсіндірді

20 қазаннан бастап Қазақстан аумағына ірі көлемді көліктер мен арнайы техникаларды жеке тұлғалар атына тіркеп әкелуге шектеу енгізіледі. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл тыйым Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының 2025 жылдың 23 маусымында қабылдаған №45 шешесіне сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл шешім 2017 жылғы №74 шешімге өзгерістер енгізу арқылы қабылданған.
Бұл шектеулер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден жеке тұлғалардың қандай көліктерді әкеле алатынын нақты айқындайды. Енді жеке тұлғалар тек белгілі бір санаттағы көліктерді ғана Қазақстанға кіргізе алады, – деді Мұхамед Андақов.
Жеке тұлғаларға рұқсат етілген көліктер:
- жеңіл автокөліктер;
- мотоциклдер мен мопедтер;
- жалпы қолданыстағы жолдарға арналмаған техникалар;
- жолаушылар саны 12 адамнан аспайтын шағын көлік құралдары.
Кіргізуге тыйым салынған көліктер:
- арнайы техника;
- автобустар;
- жолаушы тасымалдауға арналған ірі көлік түрлері.
Мұндай көліктерді тек заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер (ЖК) ғана өз атына тіркеп, елге әкеле алады.
Егер арнайы техника немесе автобус болса, оны жеке тұлға өз атына тіркей алмайды. Тек кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ғана мұндай көліктерді елге заңды түрде кіргізе алады, – деп нақтылады комитет өкілі.